ҚР Энергетика министрлігі Путиннің Қазақстанда АЭС салу ұсынысына пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы ұсынысқа түсінік берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«АЭС құрылысы бойынша шешім бізде қабылданған жоқ. Әзірге біз тек оның алаңын айқындадық. Біз қолайлы технологияны іріктейміз. Осы орайда тиісті талқылаулар жүргізіледі», - деді вице-министр Сенатта тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның атап өтуінше, АЭС құрылысы мәселесі қосымша зерттеулерді талап етеді.

«Біз осы мәселені пысықтауды жалғастырамыз, алайда АЭС құрылысына қатысты нақты шешім қабылданбады. Оның алаңы ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы айқындалған еді», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың РФ-ке ресми сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин екі елдің арасындағы энергетикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуді және Қазақстанда АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді ұсынды.

«Бейбіт атом саласында ынтымақтастық дамып келеді, уранды өндіру мен байыту бойынша қазақстандық-ресейлік алты кәсіпорын жұмыс істеуде. Өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшуді, осы орайда ресейлік технологиялармен АЭС салу мүмкіндігін ұсынамыз», - деді В. Путин.

Соңғы жаңалықтар