ҚР-дағы Түркия елшісі Сириядағы «Бейбітшілік қайнары» операциясы туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык елордадағы дипломатиялық өкілдікте өткен баспасөз мәслихатында аталмыш елдің Қарулы күштері Сириядағы терроризмге қарсы бастаған «Бейбітшілік қайнары» операциясына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркия өзінің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін бірқатар лаңкестік ұйымдармен күресті жалғастырып келеді. Халықаралық аренада терроризммен күрес үшін алға қойылған бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келдік. Түркия халықаралық құқықтан туындайтын өзін-өзі қорғау құқығын қажет болған жағдайда ойланбастан пайдаланатынын жеткізген болатын. Түркия өз шекараларының жанында лаңкестердің болуына көз жұма қарай алмайды. Сепаратистік мақсаттары бар лаңкестік топтардың болуы Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігіне қауіп төндіруде. Осы орайда Түркияның қарулы күштері 9 қазан күні «Бейбітшілік қайнары» атты әскери операцияны бастады», - деді Невзат Уянык.

Дипломаттың айтуынша, операция барысында бейбіт тұрғындар зардап шекпеуі үшін барлық шаралар қолға алынуда. Сондай-ақ аталмыш операция халықаралық құқық негізінде БҰҰ жарғысының 51-бабына сай өзін-өзі қорғау құқығы шеңберінде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің терроризммен күреске қатысты қаулыларына сәйкес Сирияның аумақтық тұтастығы мен бірлігін сақтай отырып жүргізілуде.

Оның айтуынша, Түркия 2017-2018 жылдары жүзеге асырған «Евфрат қалқаны», «Зәйтүн бұтағы» атты әскери операциялары арқылы 4 мың шақырымды қамтитын аймақты ДАИШ (Қазақстанда және өзге елдерде тыйым салынған ұйым), PYD («Демократиялық бірлік партиясы») және YPG («Халықтық қорғаныс жасақтары») атты лаңкестік ұйымдарының террорлық әрекеттерінен тазартты. Соның нәтижесінде 360 мыңнан аса сириялық осы аймақтардағы үйлеріне қайта оралу мүмкіндігіне ие болды.

Еске салайық, 9 қазан күні Түркияның Қарулы күштері Сирияның Евфрат өзенінің шығысында орналасқан аудандарда терроризмге қарсы «Бейбітшілік қайнары» операциясын іске асыруға кірісті.

Соңғы жаңалықтар