ҚР Цифрлық даму министрлігінің өкілдері экологиялық акцияға қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Бірге – таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, министрліктің, сондай-ақ ведомствоға бағынысты және салалық ұйымдардың 12 мыңға жуық қызметкері бір мезгілде барлық облыс және аудан орталықтары, мегаполистер мен шағын қалалардағы өзен-көл жағалауларын, саябақ аумақтарын қоқыстан тазартуға атсалысты.

Еліміздің 14 облысы, 3 мегаполисі және шағын қалалары мен аудан орталықтарында жалғасын тапқан «Бірге-таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық челленджге байланысшылар мен пошта қызметкерлері, ақпараттық қауіпсіздік және инновация саласының мамандары, ХҚО қызметкерлері, аэроғарыш саласының өкілдері мен геодезия және картография саласындағы сарапшылар қатысты.

Биылғы шілде айында басталған еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған акция азаматтар мен ел басшылығы, түрлі ұйымдар мен мекемелер және бірлестіктер арасында кеңінен қолдау тапқанын айтып өткен жөн.

Акцияға қатысушылар алдында сөз сөйлеген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев экоакция қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін арттыру тұрғысынан да маңызды мәнге ие екенін атап өтті.

«Шашылып жатқан қоқыстардың негізгі бөлігі пластик бұйымдар мен полиэтилен пакеттер екенін көріп тұрмыз. Мен пластикті тұрмыста пайдаланудан бас тарту қажет деген пікірдемін. Және оларды қайта өңдеу ісін белсенді түрде қолға алу керек. Әлемде мұндай механизмдер табысты жұмыс істеуде. Әріптестер, сіздерді еліміздің экологиясын жақсартуға үлес қосуға шақырамын, ең болмағанда бір реттік пластик бұйымдарды мүмкіндігінше аз пайдаланыңыздар. Өйткені біздің ортақ мақсатымыз – »Таза Қазақстан«,-деді Асқар Жұмағалиев.

Экологиялық акцияға Министрліктің орталық аппаратының, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты және салалық ұйымдарының: «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ, «Зерде»ҰИКХ» АҚ, Astana Hub, «ҰАТ» АҚ, «РҒБО» АҚ, «МРҚ» РМК, «Қазақстан Ғарыш сапары» АҚ, «Қазгеодезия» АҚ, «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор» РМҚК, «Қазпочта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазтелерадио» АҚ және т. б. мекемелердің қызметкерлері қатысты



Соңғы жаңалықтар