ҚР чемпионаты: «Қайрат» көш басына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші турының үш ойыны мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Талдықорғанның «Жетісу» командалары арасында болды. Бұл кездесуде алаң иелері қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Ойынның 11-минутында Камо Оганесян «Қайратты» алға шығарса, 56-минутта Конрад Вжещиньский есепті үстемелей түсті. Ал 90-минутта Артур Шушеначев қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 3:0 есебімен басым түсті. Турнир кестесінде көш басына шықты.

Петропавлда «Қызылжар» Көкшетаудың «Оқжетпес» клубымен кездесті. Ойын барысында көкшетаулық футболшылар сапынан Жасұлан Молдақараев 28-минутта есеп ашты. Одан кейінгі үш голды алаң иелері соқты. Алдымен Габрьел Энаке таразы басын теңестірді. Ал 76-минутта көкшетаулық Пламен Димов өз қақпасына гол соғып алса, 87-минутта Тимур Мульдинов гол соқты. «Қызылжар» жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Ал Қостанайда жергілікті «Тобыл» Ақтаудың «Каспийін» 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ойынның 84-минутында Азат Нұрғалиев, 89-минутында Оралхан Өміртаев қанжығасын майлады.

Қазір Қызылордада «Қайсар» мен «Тараз», Шымкентте «Ордабасы» мен Қарағандының «Шахтері» кездесуде.

Бүгін футболдан Қазақстан чемпионаты қайта жалғасатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар