ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі елдің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі мен жаңа сын-қатерлері туралы

None
Фото: БҰҰ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстанның әлемдегі ең беделді халықаралық ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғанына 31 жыл толып отыр. Содан бері Қазақстан БҰҰ-мен ынтымақтастыққа үлкен мән беріп келеді. Еліміз тек талқылауға ғана емес, сонымен қатар жаһандық проблемаларды шешуге белсенді түрде атсалысып, күн тәртібіндегі кейбір мәселелерге бастама көтеріп жүр. 1992 жылы БҰҰ-ға кіргеннен бері еліміз өзінің міндеттемелерін адал атқарып, өзін сенімді серіктес ретінде көрсете білді.

Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып, Қазақстан мен БҰҰ-ның серіктестігі, еліміздің халықаралық ұйымдағы негізгі басымдықтары, бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату мақсатында қолға алған шаралары, БҰҰ-ның қазіргі жағдайы мен халықаралық аренадағы негізгі проблемаларды шешудегі рөлі туралы ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ақан Рахметуллинмен сұхбаттасуды жөн санадық. Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Ақан Ақасұлы, алғашқы сауалым Қазақстан мен БҰҰ-ның ынтымақтастығы жөнінде болмақ. Қазіргі таңдағы Қазақстанның БҰҰ-мен байланысындағы негізгі басымдықтары хақында айтып өтіңізші...

- 2 наурыз күні Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болғанына 31 жыл толды. Осы жылдар ішінде Қазақстан, әрине, өзінің күн тәртібінде тұрған мәселелерді де көтеріп, БҰҰ-мен ынтымақтастықта маңызды рөл атқарды. Еліміз БҰҰ-да қандай басымдықтарға баса мән берді десек, ең бірінші, аймақтық және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі қолға алған іс-шараларын айтуға болады.

Ал екінші басымдық - ядролық қарусыздану. Ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартқанымыз баршаға мәлім, сондықтан да бұл біз үшін ең үлкен жетістік дер едім. Біз осы секілді іс-шараларға белсенді түрде атсалысып келеміз. Ондағы мақсатымыз - жаппай қырып-жою қаруымен байланысты кез келген іс-әрекетті тоқтату. Тағы бір басымдық ретінде біздің Президентіміздің биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасын жүзеге асыруды айтуға болады. Бұл COVID-19 сияқты пандемиямен, сондай-ақ биотерроризммен, я болмаса түрлі биологиялық заттарды зиянды мақсаттарда пайдаланудың алдын алу үшін маңызды болмақ.


Тоқаев пен Гутерриштің 2022 жылғы Нью-Йорктегі кездесуі. Фото авторы: Эван Шнайдер


Одан кейін еліміз БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда да белсенді жұмыс істеп келеді. Бұл - тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге ұйымның барлық мүшесінің алдында тұрған міндет. Бұған кедейлікті азайту, даму және климатты жақсарту, жалпы тұтастай алғанда, бүкіл адамзаттың одан әрі дамуына жағдай жасайтын үлкен мәселелердің блогы кіреді.

Мұнда сонымен бірге, біз үшін де назар аударарлық мәселе, гендерлік теңдік тақырыбы бар, яғни қоғамдағы әйелдердің позициясын жақсартуға мүмкіндік беру. Жақында әйелдердің жағдайы бойынша кезекті комиссияның жұмысы басталады. Оған қазақстандық делегация да қатысатын болады. Сондай-ақ адам құқығын қорғау, экологиялық мәселелер, жаһандық климатты сақтау секілді мәселелерді де айтып өткен жөн. Бәріне белгілі, Президент 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Бұл өте ауқымды жұмыс болмақ, сондықтан да серіктестермен бірлесіп жұмыс істейміз. Климаттың өзгеруінен болатын өзгерістерді бәріміз жақсы білеміз. Сол себепті де оған баса мән беріп, мықтап іске кірісуіміз керек.


Рахметуллин 2022 жылдың қазан айында Бас хатшыға сенім грамотасын тапсырды. БҰҰ суреті: Эван Шнайдер.


- Қазақстанның БҰҰ жүйесіндегі рөлі қандай? Осыған қатысты не айтар едіңіз?

- Қазақстанның БҰҰ-дағы рөліне келетін болсақ, менің ойымша, бұл сыртқы саясатымызда көпвекторлы бағыт ұстануымыздан-ақ байқалып отыр. Бір кездері Мемлекет басшысы біздің сыртқы саясатымыздың басым бағыты геосаяси жағдаймен байланысты стратегиялық тепе-теңдікті сақтау екенін, яғни БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, сондай-ақ ядролық қарудың иелері саналатын Ресей, Қытай сияқты держава елдерімен жақсы қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру керек екенін атап өткен еді.

Жалпы Қазақстан БҰҰ-ға мүше болған 31 жылда еліміз туралы жақсы пікір қалыптасты. Біз БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынас орната алдық, бүгінде Отанымыз әлем алдында беделді, жауапты, бейбітсүйгіш елге айналды.

- Сұхбат барысында сіз бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын бірнеше рет атап өттіңіз. Менің келесі сауалым да осымен байланысты. Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада бейбітшілік пен тұрақтылықты дамыту үшін қандай іс-шараларды қолға алып отыр?

- Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау не қамтамасыз ету – соғысты тоқтату ғана емес. Әрине, бірінші кезекте соғыс пен қақтығыстарды болдырмау, олардың алдын алу. Алайда бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау - бұл қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты мәселелердің үлкен жиынтығы деп айтар едім.

Біз тәуелсіздік алғалы бері халықаралық қарусыздану мен қаруды таратпауды ілгерілету мәселесінде өте белсенді ұстанымға иеміз. Біз ядролық қарудан бас тарттық, яғни ауызбен айтып, ұрандатып қана қоймай, нақты іске көштік. Мысалы, Семей ядролық полигонын жаптық. Біздің бұл әрекетіміз халықаралық аренада мойындалды, тіпті ядролық қаруы бойынша алғашқы бестікте тұрған елдер де мойындады. Бірақ бұл мәселе жоқ деген сөз емес, бар, біз енді солармен белсенді түрде жұмыс істейміз.


Қазақстанның БҰҰ жанындағы бірінші тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова. Фото: Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі


Қазақстан ядролық қарусыздану және таратпауға қатысты барлық құжатқа қол қойған мемлекеттердің қатарында тұр. Мысалы, жуырда ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа (ЯҚТШ) қол қойдық. Қазақстан – оның толыққанды мүшесі, әрі біз келесі жылы ЯҚТШ-ға мүше мемлекеттердің үшінші конференциясына төрағалық ететін боламыз.

Сонымен қоса біз терроризмге қарсы күрес шараларын да қолға алдық. Ауғанстанда билік ауысқанын көрдік, енді ол жақта террористік қауіп күшейе түсті. Жалпы бүкіл әлемде террорлық қауіп күшейіп, әртүрлі топтар, соның ішінде Таяу Шығыс пен Африкада түрлі топтар пайда болды. Ал қазіргідей жаһандану кезінде бұл қауіп бүкіл әлемге кесірін тигізуі бек мүмкін. Оның ішінде біздің еліміз де бар. Сондықтан да біз бұл істе белсенділік танытып, БҰҰ-ның терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 19 негізгі құжатына қол қойдық.

Бұдан басқа біз Орталық Азия үшін лаңкестікке қарсы жаһандық стратегияны жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарының белсенді қатысушысымыз. Онда терроризммен күресу үшін аймақтағы елдер қандай қадам жасауы керек екені көрсетілген. Бұл – тек салдарымен күрес қана емес, алдын алу шараларын қолға алу деген сөз.

Қазақстан сондай-ақ, БҰҰ бітімгершілік миссияларына белсенді түрде қатысып келеді. Қазіргі кезде біздің бітімгершілік күштеріміз Ливанда, Малиде, Батыс Сахарада және Орталық Африка Республикасында жүр.


Қазақстандық бітімгерлер. Фото: Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі


Сонымен қатар еліміздің географиялық және геосаяси орналасуына қарасақ, біз - теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен мемлекетпіз. Бұл кейбір сыртқы факторларға кері әсер етеді. Бізде сыртқы нарыққа шығуға мүмкіндік жоқ, ал экспорттық бағыттарымызды әртараптандыру маңызды. Бірақ біз үшін ғана емес, әлем елдерінің көбі осындай проблемамен бетпе-бет келіп отыр.

Жалпы Қазақстан территориясы үлкен мемлекет қана емес, ол - сол бір географиялық тұрғыдан осал елдердің мәселесін шешу керек екенін түсінетін белсенді тарап. Біз осы елдер тобына 2020-2021 жылдары төрағалық еттік. Аталмыш топқа 520 миллион халқы бар 32 мемлекет кіреді. Жер планетасының масштабымен қарасақ, анау бір көп емес секілді, бірақ бұл жарты миллиард адамның өмірі екенін ескеруіміз керек.

Бұдан бөлек «жұмсақ күш» саясатына тоқтала кетейін. «Жұмсақ күштің» бір көрінісі – түрлі ұлт пен ұлыс, дін өкілдерінің бейбіт өмір сүруі. Бұл – 2022 жылдың қыркүйегінде Астанада өткен әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі. Мысалы, аталған шараға әлемнің 50-ден астам елінің өкілдері келді, олардың қатарында Рим Папасы, «Әл-Азһар» ислам университетінің Жоғарғы имамы және басқа да діндердің жетекшілері бар. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш бейнеүндеу жасап, рухани көшбасшыларға ортақ құндылықтарды ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтқан еді. Айта кету керек, біз осы съездің қорытынды декларациясын БҰҰ Бас Ассамблеясының былтырғы 77-сессиясында ресми құжат ретінде БҰҰ-ға тараттық.


Солдан оңға қарай: Рим Папасы Франциск, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 2022 жылғы 15 қыркүйектегі съездің жабылу салтанатында.


Сонымен қатар біз адам құқықтары жөніндегі кеңестің және экономикалық және әлеуметтік кеңестің де толыққанды мүшесі екенімізді айта кеткен жөн. Бұл органдарға Қазақстанның сайлануы еліміздің беделін және экономикалық, әлеуметтік даму, сондай-ақ адам құқықтары салаларындағы жетістіктерімізді мойындағанын көрсетеді.

- Жалпы Қазақстанның әлемде бейбітшілікті нығайтуға қатысты қолға алған іс-шарасы жөнінде аз-кем айтып өттіңіз. Осы тұста, назарыңызды Ауғанстанға бұрғым келіп отыр. Еліміздің Ауғанстандағы миссиясы туралы толығырақ айтып өтіңізші... Қазақстанның рөлі қандай?

-Ауғанстан – біздің көршіміз. Біз онда қауіпсіздік орнап, бейтішілік салтанат құрғанын қалаймыз және соған мүдделіміз. Бұл – бірінші миссия. Сондай-ақ біздің экспорттық бағыттарымызды әртараптандыру қажеттігін ескерсек, Ауғанстан, мысалы, біз үшін транзиттік хабқа айналуы мүмкін.

Ауғанстан – ұзақ уақыт азап шегіп, қаншама соғысты басынан өткерді. Тіпті елдегі соғыс ұрпақтан-ұрпаққа беріліп жатқандай. Бүгінде елдің үшінші буыны соғыстан басқа ештеңе көрмей келе жатыр. Қазақстан Ауғанстанға көмек қолын созудан ешқашан тыс қалған емес. Бір кездері ауған студенттерінің біздің жоғары оқу орындарында оқуына мүмкіндік бердік, гуманитарлық көмек көрсеттік. 2021 жылдың тамызында әскерлер кетіп, елдегі билік ауысқан тұста ондағы БҰҰ қызметкерлерін басқа жерге көшіру мәселесі сөз болды. БҰҰ бізге жүгінді және біздің билік БҰҰ миссиясын Алматы қаласында орналастыру жөнінде шешім қабылдады. Қазіргі таңда Ауғанстандағы қауіпсіздік азды-көпті тұрақтанды, сондықтан қызметкерлердің негізгі бөлігі кері қайтты. Біз Ауғанстандағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін ілгерілетуді жалғастыратын боламыз.

-Енді халықаралық күн тәртібін былай қойып, елдің жайына оралсақ. Қазіргі кезде еліміз Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу барысында қандай мәселелермен бетпе-бет келіп отыр? Осыған аз-кем тоқталып өтіңізші...

- Өте қызық сұрақ. Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жаһандық деңгейде БҰҰ-ға мүше барлық ел қабылдады және бұл жалпы дамуға бағытталған. Атап айтсақ, бұл – кедейлікпен, әділетсіздікпен, теңсіздікпен, климаттың өзгеруімен күрес, сонымен бірге әйелдердің рөлін арттыру, жалпы планетамызды қорғау. Бұл - жай ғана сөз емес. Дәл осы тұста БҰҰ да жаһандық сипатта бұл проблемалардың өзекті екенін жақсы біледі. Сондықтан өмірдің барлық негізгі саласын тұрақты дамыту бойынша 17 негізгі бағыттан тұратын Тұрақты даму мақсаттары бағдарламасы қабылданды. Бұл мәселелерді шешу осы әлемдегі әрбір адамға әсер етеді.

Мысалы, барлық ел, әсіресе Жаһандық Оңтүстік елдерінің халқы (Бразилия, Үндістан, Мексика, Индонезия және Қытай елдері - ред.) теңсіздік мәселелеріне шағымданады. Бұл жердегі теңсіздік деп отырғанымыз – қандай да бір ресурстардың, технологиялардың қолжетімсіз болуы. Бізге, мысалы, жасыл энергияны үнемдейтін кейбір энергия технологиялары жетіспейді, сондықтан, әрине, үлкен жетіліктегі (G7), үлкен жиырмалықтағы (G20) елдермен ынтымақтасу маңызды.

Мысалы, қазіргі кезде күн тәртібінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселесі тұр. Бұл ауқымды әрі күрделі міндет қана емес, тіпті мұны іске асыру қиын болуы да мүмкін. Өйткені бізде тарихи және дәстүрлі түрде дамыған тау-кен өндірісі бар, оны біз экономикада, өнеркәсіпте қолданамыз. Біздің өнеркәсіп осындай қазба ресурстарды пайдалануға бағытталған. Ал бұл өз кезегінде, көмірқышқыл газының шығарындылары және температураның жоғарылауына әкеледі деген сөз. Жаңа технологияларға көшу деген, елестетіп көріңізші, барлық осы турбиналарды, газ турбиналарын, көмір қазандықтарын және т.б. пайдалы отын мен жасыл отынға ауыстыру - бұл тек қаржылық қана емес, технологиялық және интеллектуалдық күшті қажет ететін процесс.

- Бұған дейін Мемлекет басшысы ұйымның құрылымы мен жүйесін жаңа жағдайлар контексінде қайта қараудың маңыздылығын бірнеше рет айтып өтті. Жалпы БҰҰ-ның қазіргі жағдайы мен халықаралық қоғамдастық алдында тұрған негізгі проблемаларды шешудегі рөліне қатысты Қазақстанның ұстанымы қандай?

- Иә, Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының саяси пікірталастарында сөйлеген сөзінде жиі болатын дағдарыстар жаһандық басқаруда көптеген олқылық туғызатынын бірнеше рет атап өтті. Бұл алдағы сын-қатерлер мен қауіптерге дайын болу үшін БҰҰ-ны модернизациялау және реформалау қажеттігін көрсетеді. Шынында да, қазіргі таңда проблема аз емес, атап айтсақ, теңсіздік, қарама-қайшы көзқарастар бар. Бәрі БҰҰ-ға және басқа органдарға, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесіне шағымданады. Бірақ оларда жанжалдың алдын алуға да, оны тоқтатуға да мүмкіндігі жоқ. Біз, әрине, ұйымды реформалауды, бүкіл жүйені де, жекелеген органдарды да қазіргі болып жатқан жағдайлармен байланыстырып, ұйымның дұрыс бағытта әрекет етуін, икемді, қабілетті болуын қолдаймыз. Бас хатшы БҰҰ-ның жұмысын ыңғайлы, икемді етуге тырысып бағуда. Бірақ бұл БҰҰ-ның ұйым ретіндегі проблемасы ғана емес екенін атап өту керек.


Президент Тоқаев 2022 жылғы 20 қыркүйекте Бас Ассамблеяның 77-сессиясында сөз сөйледі. Фото: Akorda.kz


Сондықтан бұл жерде, әрине, сенімге негізделген қарым-қатынас орнату маңызды. Дегенмен елдер арасындағы сенім азайып бара жатыр. Егер бұл сенім қайта қалпына келтірілетін болса, онда ұйымның өзіне оңайырақ болар еді. Бұған дейін бірнеше рет Қазақстан мен Президентіміз кейбір жанжалдарды шешуге қатысты ұсыныстар жасады. Біз, мысалы, Сирия қақтығысы бойынша Астана процесін белсенді түрде ұйымдастырып жүрміз. Мемлекет басшысы Украина мен Ресей президенттерімен жиі сөйлесіп, делдалдық қызметті ұсынды. Яғни, бұл қайшылықтарды түсіну және оларды түзетуге тырысу маңызды. Міне, еліміз көпвекторлы әрі стратегиялық бейтарап саясат ұстану арқылы кейбір жанжалдарды шешуге көмектесуде, тараптарды жақындастыруда маңызды рөл атқарып келеді.

-Қазақстан өзінің өңірлік интеграциядағы мүддесі мен халықаралық мақсат-міндетін қалай үйлестіреді?

- Шын мәнінде, бұл үшін қандайда бір үйлестіру жұмысының қажеті жоқ. Бұл жай ғана күнелтуге ғана емес, аймақтық және әлемдік контексте өз азаматтарына дамуға мүмкіндік беріп, оларға пайда әкелуге тырысатын барлық ел үшін қалыпты жағдай. Әрине, сауда, экономикалық, мәдени байланыстар, студенттермен алмасу және тағы сол сияқты жеңілдіктерді іске асыру үшін интеграциялану маңызды. Біздің осындай өңірлік интеграцияға деген ұмтылысымыз, әрине, өзара тиімді, тең құқылы ынтымақтастықты дамытуға бағытталып отыр. Сонымен қатар ол біздің міндеттемелерімізге қайшы келмейді. Мысалы, Бас Ассамблеяда ИЫҰ, ҰҚШҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ сияқты ұйымдармен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсететін қарарлар үнемі қабылданып жатады. Сондықтан аймақтық деңгейде бір-бірімен тығыз байланыста болу өте маңызды. БҰҰ аймақтық интеграциялық процестерсіз алға жылжу мүмкін емесін түсінеді. Тұтастай алғанда, БҰҰ дәл осындай аймақтық құрылымдардан тұрады, сондықтан менің ойымша, бұл жерде жауап айқын. Бұл БҰҰ жүйесінің дамуына ықпал етері сөзсіз.

Бұл жерде мысал ретінде ядролық қарусыздануды атап өтуге болады. Ядролық қарусыздану тек аймақтық деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде де өзекті мәселе. Оның үстіне, біздің екі көршімізде де ядролық қару бар екенін ескерсек, біз тек аймақтық қана емес, жаһандық дамуға да үлес қосып жатырмыз деп айтуға толық негіз бар.


Қазақстандық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы, 1989 жыл. Фото: Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігі.


-Ядролық қаруды таратпау жайлы айтып қалдыңыз, менің келесі сұрағым да осымен байланысты. Иә, еліміз ядролық қарусыздану мен таратпауды ілгерілетуде белсенді рөл атқарып келеді. Осы тұста, Қазақстан ядролық қару мәселесін шешуге бағытталған жаһандық күш-жігердің қазіргі жағдайын қалай бағалайды? Қарусыздану мен оны таратпау мақсаттарын ілгерілету үшін қандай қадамдар жасап отыр?

- Бүгінгі таңдағы ядролық қаруды қолдану ықтималдығы артқан тұста бұл өте маңызды мәселеге айналып отыр. Әлемді ядролық қарудан арылту жөніндегі жаһандық күш-жігерге қарамастан, жағдай қалыпты емес. Ірі ядролық державалар арасындағы теңсіздік ядролық арсеналға қатысты келісілген шараларды қабылдауға кедергі келтіруде. Мысалы, біз АҚШ пен Ресей арасындағы қайшылықтардың қаншалықты терең екенін көріп отырмыз, бұлардың екеуі де - ядролық держава. Ал қазір олар көптеген мәселе бойынша бір-бірімен келісімге келе алмай отыр. Яғни, қарым-қатынасты жақсартып жатқан жоқ. Тіпті, кей сарапшылар қарым-қатынастың одан сайын нашарлап кеткенін айтуда.

Сонымен қатар АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық шабуыл қару-жарағын қысқарту мен шектеу туралы шартқа қатысты жағдайдың ушығуы да алаңдаушылық туғызып отыр. Жуырда Ресей бұл келісімшартты тоқтата тұратынын жариялады. Бұл, әрине, жаһандық мәселе. Бұл екі ірі ядролық держава, олардың ядролық қаруы басқа үш елдің ядролық күштерінен бірнеше есе көп. Сондай-ақ ядролық қару мен оны жасайтын технологиясы бар елдер бар, Мысалы, Ресей, Англия, АҚШ, Қытай және Франция. Бұл елдердің ешқайсысы өздерінің саяси риторикасында ядролық қару өндіру мен пайдалануды азайту үшін ешқандай қадам жасап жатқан жоқ. Керісінше, олар қарама-қайшылық артқан сайын, ядролық қаруына барынша сенім артып отыр. Мемлекеттер арасындағы сенім азайған сайын, олар керісінше, ядролық қаруға баса назар аудара бастайды. Осы тұрғыда, біз осындай мәселелерді шешу үшін балама шешімдерді іздеуіміз қажет. Біз, әрине, осы ядролық мемлекеттердің келісімге келуіне жағдай жасауға тырысамыз. Бұл мәселе күрделі және біраз уақытты талап етеді. Біз мемлекеттердің ядролық қару жағынан бір-бірімен жарысқанын қаламаймыз. Біз ақыл-парасат жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Міне, мен де Ядролық қаруға тыйым салу туралы келісім туралы айттым. Қазақстан шартты әзірлеуге белсенді қатысты. Алғашқылардың бірі болып Қазақстан оған қол қойды, ратификациялады, біз қазір оның толық мүшесіміз. Мен атап өткендей, келесі жылы біз осы Шарт бойынша конференцияға төрағалық етеміз. Осы органды басқару кезінде біз осы мемлекеттерге әсер етуге тырысамыз деп үміттеніп отырмыз. Әрине, бұл ауқымды және күрделі міндет, бірақ біздің Ресеймен де, АҚШ-пен де стратегиялық қарым-қатынасымыз жақсы. Сондықтан да біз ұлттық және екіжақты деңгейде және әртүрлі жаһандық шарттар аясында кем дегенде аумақтағы шиеленісті азайтуға тырысамыз. Бұл олардың аздап болса да қарусызданып, ядролық қаруға азырақ сенім арта бастауына алғашқы қадам болмақ.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар