ҚР БҒМ педагогтердің құқықтарын бұзу туралы жүзден астам өтінішті қарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Педагог мәртебесі бойынша заң бұзған адамдар әкімшілік жауапқа тартылды.

Бұл туралы «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында Білім және ғылым министрлігі педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Бұл саладағы қадамдар мұғалімдерді өзге жұмыстар мен тексерулерден босатып, материалдық ынталандыруға бағытталған.

Сапаны қамтамасыз ету және педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында білім сапасы жөніндегі аумақтық департаменттер тұрақты негізде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, келіп түскен өтініштерді қарайды.

«Барлық өңірде педагогтердің құқықтары бойынша аумақтық кеңестер құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жыл басынан бері 116 ресми өтініш келіп түсті. Өтініш бойынша педагогтердің құқықтарын бұзу фактілері расталды. Олардың көбі Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Педагогтерді өзге жұмыс түрлеріне тарту, білім алушылар мен олардың ата-аналары тарапынан құрметтемеу әрі орынсыз мінез-құлық мәселелеріне қатысты шағымдар түсті. Педагогтерді жөндеу жұмыстарына, мектеп кабинеттерін тазалауға тарту, газеттер мен журналдарға мәжбүрлеп жазу фактілері анықталды. Расталған фактілер бойынша кінәлі адамдар әкімшілік жауапқа тартылды», - деді А. Аймағамбетов.

Осы орайда министр педагог мәртебесі өте маңызды екенін, сондай-ақ бұл саладағы заң бұзушылықтар айрықша тексерілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар