ҚР АШМ: Жылыжайларға берілетін субсидия көлемін ұлғайту мәселесі қаралып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі жылыжай қожалықтарының қыстағы шығындарын жеңілдету үшін субсидиялардың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Министр Ербол Қарашөкеев ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін БАҚ өкілдеріне осындай мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз өзге министрліктердегі әріптестерімізден жылыжай қожалықтарын көмірмен қамтамасыз етуді сұрағанбыз. Осы қожалықтарға көтерме бағамен көмір жеткізушілерге арнайы мәртебе беру ұсынылып отыр. Мұны біз былтыр қыркүйек, қараша айларынан бері айтып келеміз. Яғни, бұл жеткізушілер көмірді нарықтың айла-шарғыларынсыз, төмен бағамен сатып алуы керек», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол күннің суықтығынан шығын көріп жатқан оңтүстіктегі жылыжайлардың жайына тоқталды.

«Бірқатар жылыжай қожалықтары күннің күрт суығанына байланысты шығын шегіп жатыр – өнімі үсіп қалған. Өйткені жылыжайларын уақтылы жылыта алмаған. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдармен пысықтаймыз. Шығын шеккен жылыжайлардың әрі қарай жұмысын жалғап кетуі үшін қандай көмек көрсететінімізді әкімдіктермен пысықтау керек.

Субсидиялау мәселесінде қосымша қарау керек. Жылыжайларға төленетін субсидиялардың көлемін арттырудың мүмкіндігін қараймыз. Газ тарифінің мәселесі де бар. Өз ұсыныстарымызды Үкіметке енгіздік», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар