ҚР АШМ ЕАЭО-ның сүт бойынша регламенті отандық өндірушілерге не беретінін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылдың 1 қаңтарында Еуразиялық экономикалық одақтың «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі осы өзгерістің отандық сүт өнімдерін шығаратын зауыттарға әсері туралы БАҚ-та жарияланған ақпараттарға қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің қоғаммен байланыс жөніндегі басқармасының түсіндіруінше, аталмыш техникалық регламент 2013 жылы Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің №67 шешімімен қабылданған. Ол экономикалық одаққа мүше елдердің аумағында сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа талаптарға сай, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сүт өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын шикі сүт, шикі майсыздандырылған сүт, шикі кілегейлер құрамындағы МАФАМ (мезофильді аэробты және факультативті анаэробты микроорганизмдер көлемі) және соматикалық жасушалардың ең жоғары көрсеткіштері енгізіледі. Министрлік бұл сүттің тазалығын, қышқылдығын, тығыздығын, майлылығын және тағы басқа көрсеткіштерді мұқият бақылап отыруға мүмкіндік беретінін алға тартады.

АШМ ақпаратына сәйкес, Қазақстан отандық сүт өндірісі саласын осы талаптарға сәйкестендіру үшін жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Осыған дейін отандық сүт өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстанда жаңа талаптарды енгізу мерзімі 2 рет кейінге шегерілген (алдымен 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін, кейін 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін).

«Мұндай шешімді қабылдауға бірнеше фактор әсер етті. Бірінші кезекте – еліміздегі шикізат базасының толық дамымауы. Бүгін де қайта өңделетін сүттің 70 пайыздан астамы қазақстандықтардың қосалқы жеке шаруашылықтарында өндіріледі. Яғни, басым жағдайда мұндай шикізаттың сапасы төмен. Өйткені жеке аулаларда санитарлық-ветеринарлық іс-шаралар уақытылы жүргізілмейді. АШМ бұл мәселені шешіп, сапалы шикізат көлемін арттыру үшін тауарлы-сүт фермаларын құру жұмыстарына басымдық беруде. Атап айтқанда, сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі тауарлы-сүт фермаларының саны өспеді. Сондай-ақ, 120 мың гектар жерге суару жүйелерін салу арқылы тауарлы-сүт фермаларын шырынды жеммен қамтамасыз ету қарастырылған», - деп хабарлайды министрліктен.

Ведомствоның жоспары бойынша, елде алдағы 5 жыл ішінде 244 отбасылық және 95 өнеркәсіптік үлгідегі тауарлы-сүт фермалары салынады. Бүгінгі күннің өзінде жалпы қуаты 989 бас болатын 10 отбасылық тауарлы-сүт фермасы (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында), сондай-ақ Павлодар және СҚО-да 2 өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасы құрылған. 2019 жылы 12 сүт қабылдау пункті ашылып, 328,5 млн теңге көлемінде 19 дайындаушыға субсидия берілген.

Қазіргі таңда сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде бірқатар шара қолға алынған. Атап айтқанда, сүт өндірісі саласындағы зәкірлі кооперацияларды дамыту, тауарлы-сүт фермаларын, кооперативтерді, сүт қабылдау пункттері мен дайындау ұйымдарын техникалық жарақтандыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, тауарлы сүт және отбасылық фермаларды салуға арналған шығындарды субсидиялау, саладағы білімді арттыру үшін оқу фермаларын құру және басқа да қолдау шаралары қарастырылған. Қазақстанның сүт өнімдері саласының ЕАЭО қауіпсіздік талаптарына сәйкес келтіру бойынша әзірленген жол картасы да іске асырылып жатыр. Бұл құжатты «Қазақстанның сүт одағы» заңды тұлғалар бірлестігі БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO), Еуразиялық қайта құру және даму банкімен бірлесе әзірлеген.

Жол картасына сәйкес шикізатты бақылаудың зертханалық базасы мен тәжірибесін жетілдіру, сүтті әкелушілерге ЕАЭО техникалық регламенттерінің талаптарына өтуді түсіндіру және дайындау жоспарланған. Бұл жұмыс қазір де белсенді жүргізілуде.

Сонымен бірге, биыл желтоқсанда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Германияның Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі арасында сүт саласы жөніндегі арнайы жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен өтінішке, «Герман-Қазақстан аграрлық-саяси диалог» жобасы бойынша екі құжатқа қол қою көзделген. Осы шаралардың маңызды бөлігі - сүтті мал шаруашылығы саласындағы жоғары білікті кадрларды даярлау.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен ЕАЭО және Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесте Ауыл шаруашылығы министрлерінің деңгейінде Қазақстан үшін сүт шикізатына микробиологиялық көрсеткіштерге қойылатын талаптарына өту кезеңін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі талқыланады.

Соңғы жаңалықтар