USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлердегі өкілдіктері пайда болады - Эльвира Әзімова

2021 жылғы 9 қазан 10:00
Бөлісіңіз:
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлердегі өкілдіктері пайда болады - Эльвира Әзімова

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президент өзінің Жолдауында адам құқықтары саласына ерекше көңіл бөлді. «Мен адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке дара бөліп қарайтынымды білесіздер. Біз соңғы екі жылда бұл бағытта едәуір ілгері бастық», - деді Мемлекет басшысы. Бұл бағыттағы мәселелер бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жұмыстарының орны ерекше. Қазіргі кезде Парламентте тиісті заң жобасы да қаралып жатыр. Осы орайда «ҚазАқпарат» агенттігіне пандемия кезінде қазақстандықтарды көп толғандырған мәселелер мен өзге де проблемалар бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова егжей-тегжейлі айтып берді.

- Эльвира Әбілқасымқызы, қазіргі кезде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты жайында түсінік берсеңіз. Сіз қандай өкілеттікке ие болып отырсыз?

- Адам құқықтарын қорғау мәселелері тікелей мәнде әрқайсымызға қатысты және ҚР Ата Заңын ашып қарасақ, онда 1-бап «мемлекеттің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп басталады. Яғни мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан құрылатын барша тиісті саясат осымен түсіндіріледі. Адам құқықтары жөніндегі институтқа тоқталсақ, әр мемлекетте осы институтқа байланысты түрлі атаулар бар. Кейбір елде омбудсмен десе, ал басқаларында адам құқықтары жөніндегі комиссар. Еуразия кеңістігіндегі Орталық Азия бойынша бұл институт негізінен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе адам құқығын қорғаушы деп аталады.

Осы орайда адамдар бұл лауазым құзыретіне көп үміт артады, яғни уәкіл барлық проблеманы шеше алады деген пікірде. Егер сот немесе құқық қорғау органдары шешімімен келіспесе, онда уәкіл көмектесу үшін тиісті лауазым құзыретіне ие.

Заңнама тұрғысынан алып қарағанда, әрбір субъект тиісті мандатқа, өкілеттікке ие. Жалпы айтқанда, адам құқықтары жөніндегі уәкіл - азаматтардың құқығын қорғауға қосымша кепілдік беретін лауазым иесі.

- Пандемия жағдайы адам құқықтары саласында да бірқатар мәселелер көтерілді. Осы бағытта қандай кемшіліктермен жұмыс істеу қажет деп ойлайсыз? Қазақстандықтар сізге карантин кезеңінде қандай мәселер бойынша жүгінді?

- Келіп түскен өтінімдер саны бойынша тоқталсақ, онда Қазақстан халқы санымен ара қатынаста ондай елеулі көрсеткіш емес. Өйткені қазіргі кезде мемлекет өз тарапынан азаматтар шағымдарын қабылдау мен қарастырудың түрлі жүйелерін іске асырып жатыр.

Бұл тұрғыда шағымдар түрлі мәселелерге қатысты. Соңғы оқиғаларда азаматтарды баспанасынан шығару және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді. Мысалы, пандемия кезеңінде ескертусіз жұмыстан шығару немесе бизнес жағынан адамдарға жалақысын бермеу тақырыптары өзекті болды. Осындай жағдайлардың кездесуі өкінішті.

Қандай арыздар жиі кездесті деген сұраққа тоқталсақ, бұл өз кезегінде басқа елдердегі жағдайға ұқсас болды. Өтінімдер көбінесе қылмыстық-процестік іс-қимылдарға, яғни құқық қорғау органдарының әрекетіне байланысты. Бұл ретте заңсыздыққа, тергеу амалдары кезіндегі қысымға немесе заңсыз тұтқынға алу мәселелері көтеріледі.

Екінші мәселе сот шешіміне байланысты болып отыр. Себебі қарапайым адамдар заңгер емес екені түсінікті ғой. Осы орайда сот процесі барысында үкім шығару кезінде ашық қалған сұрақтар қалады және олар бұл мәселелерге қатысты жауап ала алмай жатады. Сот шешіміне қанағаттанбаған адамдарда өз мәселелері бойынша адвокат немесе білікті заңгерді жалдауға мүмкіндігі болмай жатады. Сондықтан осы мәселелер көтеріледі. Мұнымен қоса, бостандығы шектелген немесе бас бостандығынан айырылған азаматтардың да өтінімдерін назардан тыс қалдыруға болмайды.

- Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен қалай жылдам байланысқа шығуға болады?

- Кез келген басқа субъектімен қалай байланысқа шықсаңыз, дәл солай уәкілге де хабарласуға болады. Ғаламторда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл деп іздесеңіз, тиісті деректер шығады. Ал енді техникалық тұрғыдан алып қарасақ, кейбір жағдайда адамдарда интернеті немесе ұялы телефоны болмайтынын түсінеміз. Әсіресе, шалғай ауылды жерлерде, бас бостандығынан айыру орындарында мұндай мүмкіндік болмайды.

Осы ретте бізде қалалық телефон бар және ол сайтта немесе әлеуметтік сипаттағы мекемелерде көрсетілген. Біз тиісті ақпарат пен байланыс деректерімізді барынша таратуға тырысамыз.

- Өңірлердегі жұмыстарыңыз қалай ұйымдастырылған?

- Қазақстан ауқымы бойынша үлкен мемлекет, сондықтан өңірлерде өкілдеріміз болмай жатады. Орташа есеппен бізге екі мыңға жуық өтінім келіп түседі. Бұл ретте телефон арқылы байланысқа шыққандарды есепке алып тұрғаным жоқ. Олардың көбісіне тек консультация ғана керек болып жатады.

Сонымен қатар, адамға заң көмегі немесе мемлекеттік қолдаудан бөлек, адамгершілік тұрғыдағы қолдау керек екенін байқасақ, үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінеміз. Дегенмен де өңірлерде өкілдіктер болмаса, бізге осы жұмыстарды атқару қиынға түседі.

- Бұл мәселені қалай шешпексіздер?

- Қазіргі кезде Парламентте Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы қаралып жатыр. Осыған дейін Уәкілдің мәртебесі заңмен емес, ҚР Президентінің Жарлығымен реттеліп келді.

Енді бұл салаға қатысты тиісті жұмыстарды атқардық, сондай-ақ Мемлекет басшысының тиісті саяси шешіміне алғыс айтқым келеді. Бұл тұрғыда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы жеке заң қабылдап, оның өңірлерде өкілдіктерін құру ескерілді. Бұл өз кезегінде өте маңызды қадам, осы арқылы баламалы институт құрамыз. Оған кез келген адам өз мәселесімен жүгіне алады.

Шын мәнінде, Қазақстанда ел халқы өз мәселесі бойынша жаза алатын немесе телефон шалатын түрлі тетіктер мен платформалар баршылық. Бұл тұрғыда консультациялардың сапасына адамдардың көңілі қаншалық толады деген сұрақ бар. Сондықтан біз адамдардың таңдау жасаудағы еркіндігін шектемеуіміз керек.

Тұщымды әңгімеңізге рахмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT