ҚПЛ: «Жетісу» бес ойыннан кейін жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан еліміздің Премьер-лига командалары арасындағы біріншілігінің 18-турындағы екі ойын өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Талдықорған қаласында болды. Жергілікті «Жетісу» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Бұл кездесуде алаң иелері өз жанкүйерлерін қуантты. Бірінші кезеңнің 28-минутында Олжас Керімжанов «Жетісуды» алға шығарса, 45-минутта Ненад Адамович тағы бір гол соғып кетті. Екінші кезең бастала салысымен алаң иелері қатарынан Елжас Алтынбеков есепті ұлғайтты. Ал 75-минутта «Ертіс» сапынан Рафхат Аслан өз қақпасына гол соғып алды. Кездесуде «Жетісу» 4:0 есебімен жеңіске жетті. Талдықорғандық клуб бес ойын бойы жеңіске жете алмай келген еді.

«Ақтөбе» командасы тағы бір мәрте жақсы ойын өрнегін көрсетті. Аталмыш клуб бүгін өз алаңында Қарағандының «Шахтер» командасымен кездескен еді. Алаң иелері бірінші кезеңде өз қақпасына екі гол жіберіп алды. Екі голды «Шахтер» сапынан Сергей Зенев 30, Иван Пешич 38-минутта соққан еді. Оған «Ақтөбе» екінші кезеңде қос голмен жауап қайырды. Алдымен 65-минутта Асланбек Кәкімов пенальтиден есеп айырмасын қысқартса, 70-минутта Абат Айымбетов таразы басын теңестірді. Ойын 2:2 есебімен тең аяқталды.

Бұл турдағы бір ойын «Астана» мен «Атырау» арасында 3 сәуір күні өткізілген еді. Ол кездесуде елордалық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Енді қалған үш ойын 14 шілдеде күні болады. Онда «Оқжетпес» пен «Тараз», «Ордабасы» мен «Тобыл», «Қайрат» пен «Қайсар» командалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар