ҚПЛ: «Тобыл» мен «Қайрат» арасындағы кездесуде 8 гол соғылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 19-турындағы Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Айта кетерлігі, екі команда турнир кестесінде алғашқы үштікте келеді. Екеуі де еліміздің атынан биыл еурокубок ойындарына қатысты. «Тобыл» UEFA Еуропа лигасы бірінші кезеңінде жарыс жолынан шығып қалса, «Қайрат» енді аталмыш турнирдің екінші сатысында сынға түседі.

Қостанай қаласында өткізілген бүгінгі кездесу «Тобыл» командасы үшін сәтті басталған еді. Алаң иелері сапынан 14-минутта Артурас Жулпа есеп ашса, 31-минутта қостанайлық футболшы Максим Федин есепті үстемелей түсті. Ал 45-минутта «Қайрат» сапынан Еркебұлан Сейдахмет гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін алматылық футболшылар қатарынан үш гол соқты. «Қайрат» шабуылшысы Мартон Эппель 73 және 79 минуттарда гол соқса, 82-минутта алматылық тағы бір шабуылшы Адеринсола Эсеола қанжығасын майлады. Ал 83-минутта «Тобыл» шабуылшысы Сенин Себаи қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ойын нүктесін 86-минутта «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан пенальтиден қойды. Нәтижесінде «Қайрат» алаң иелерін 5:3 есебімен жеңіп кетті.

Бүгін 19-турда тағы екі ойын өткізіліп жатыр. Дәл қазір «Тараз» бен «Жетісу», «Атырау» мен «Ордабасы» командалары ойнауда.

Сондай-ақ, кеше «Ақтөбе» сырт алаңда «Қайсарды», өз алаңында «Шахтер» «Оқжетпесті» 1:0 есебімен жеңіп кетті.

Соңғы жаңалықтар