ҚПЛ: «Тобыл» қатарынан бесінші жеңісіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің алты қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші тур ойындары өтіп жатыр. Дәл қазірге дейін үш матч аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» командасы биылғы доп додасындағы алғашқы ұпайына «Атыраумен» кездесуінде қол жеткізді. Естеріңізге сала кетелік, ақтөбелік клуб чемпионатты өте сәтсіз бастады. Бұған дейін төрт кездесуде қарсыластарына есе жіберді. Сондай-ақ, олардан 12 ұпай шегерілген. Ал олардың өз қаласындағы стадионы дайын емес. Сол себепті қарсыластарын Қостанай қаласында қабылдауға мәжбүр болып келеді. Бүгінгі кездесуде «Ақтөбе» сапынан 3-минутта Милан Радин, 44-минутта Хрвое Милишевич гол соқты. Осылайша «Ақтөбе» 2:0 есебімен жеңіске жетті. «Атырау» төртінші жеңілісіне ұшырады.

Көкшетау қаласында жергілікті «Оқжетпес» Қостанайдың «Тобыл» командасымен кездесті. Айта кетерлігі, «Оқжетпес» бүгінге дейін небәрі бір ұпайды олжаласа, «Тобыл» бірде-бір ұпайды шашау шығарған жоқ. Есепті қостанайлықтар ашты. Бұл голды 42-минутта Ника Квеквескири соқты. Ал 56-минутта қостанайлық Максим Федин есепті үстемелей түсті. Ал 90-минутта «Оқжетпес» сапынан Таңат Нөсербаев есеп айырмасын қысқартты. «Тобыл» 2:1 есебімен басым түсіп, доп додасында қатарынан бесінші жеңісіне қол жеткізді.

Қарағанды қаласында жанкүйер күтпеген есеп тіркелді. Бұған дейін небәрі бір мәрте тең түскен жергілікті «Шахтер» Павлодардың «Ертісін» ойсырата жеңді. Бірінші кезеңде қарағандылық клуб үш гол соғып үлгерді. Атап айтқанда, 2-минутта Иван Пешич есеп ашса, 8-минутта «Ертіс» қатарынан Станислав Лунин өз қақпасына гол соғып алды. Ал 19-минутта Иван Пешич павлодарлық клуб қақпасына белгіленген пенальтиді мүлт жіберген жоқ. Екінші кезеңнің «Шахтер» сапынан Евгений Ткачук мергендік танытты. «Шахтер» «Ертісті» 4:0 есебімен тізе бүктірді.

Дәл қазір тағы да екі матч өтіп жатыр. Бірінші кезеңнен кейін «Тараз» бен «Қайсар» 1:1 есебімен тең ойнап жатса, Талдықорғанда «Жетісу» Алматының «Қайратынан» 1:0 есебімен басым түсуде. Ал «Астана» мен «Ордабасы» командалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 18.00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар