ҚПЛ: «Қайсар» мен «Оқжетпес» жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің жетінші тур ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазірге дейін екі ойын мәресіне жетті. Қарағандылық «Шахтер» елордалық «Астана-арена» стадионында Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. Әзірге өз қаласындағы стадион мұндай деңгейдегі ойынды өткізуге дайын емес. Турнир кестесінде қатар тұрған қос команда арасындағы кездесу тартысты өтті. Ойын барысында қызылордалық жартылай қорғаушы Тигран Барсегян «Шахтер» футболшыларын алдап өтіп, қарсыластар қақпасы алдында әріптесі Куле Мвомбоға пас шығарып берді. Оны Куле Мвомбо қақпаға бағыттады. Осылайша қызылордалық клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Айта кетерлігі, «Қайсар» соңғы бес кездесуде үш мәрте жеңіп, екі мәрте тең түсті. Сондай-ақ, қызылордалық клуб әзірге өз алаңында жеңіске жеткен жоқ.

Жетінші турдағы тағы бір кездесу Көкшетау қаласында аяқталды. Жергілікті «Оқжетпес» Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Кездесудің 26-минутында көкшетаулық Санат Жұмаханов мергендік танытты. «Оқжетпес» екінші ойын қатарынан жеңіске жетіп отыр. Ал «Ертіс» үшінші ойын қатарынан қарсыластарына есе жіберді.

Бүгін тағы төрт ойын өткізіледі. Елорда уақытымен 17.00-де «Жетісу» мен «Атырау», «Ордабасы» мен «Қайрат» командалары кездессе, 18.00-де «Ақтөбе» мен «Тараз», 19.00-де «Астана» мен «Тобыл» ойындары басталады.



Фото: www.okzhetpes.kz/

Соңғы жаңалықтар