ҚПЛ: «Қайрат» «Тобылды» тізе бүктірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан чемпионатының 31-туры аясында үш ойын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турдағы басты кездесу Алматы қаласында болды. Биыл чемпиондықтан үміткер Алматының «Қайраты» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары өзара тартысқа түсті. Ойын тартысты өтті. «Қайрат» сапынан 74-минутта Георгий Жуков мергендік танытты. Ал 93-минутта алматылық Артур Шушеначев қорытынды есепті белгіледі. «Қайрат» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. Осылайша алматылық клуб чемпиондыққа таласта басты қарсыласы - елордалық «Астанамен» бәсекені қыздыра түсті.

Қарағанды қаласында жергілікті «Шахтер» мен Көкшетаудың «Оқжетпес» командалары өзара шеберлік байқасты. Екі команда турнир кестесінде қатарлас тұр. Сондықтан бүгін жеңіске жеткені жағдайын жақсарта түсетін еді. Десе де екі команда 2:2 есебіне қанағат білдіріп тарасты. Алдымен «Шахтер» сапынан Артур Файфе Режинальдо есеп ашса, 29-минутта «Оқжетпес» ойыншысы Артем Дмитриев таразы басын теңестірді. Ал 51-минутта «Оқжетпес» сапынан Тимур Рудосельский өз командасын алға шығарды. Ал Артур Файфе Режинальдо тағы да мергендік танытып, қорытынды есепті белгіледі.

Тағы бір кездесу Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Павлодардың «Ертіс» командалары арасында өткізілді. Бұл кездесуде алаң иелері өте сенімді ойнады. Қарсыластар қақпасына жауапсыз екі гол соқты. Алдымен 78-минутта Сергей Малый бір голдың авторы атанса, 84-минутта Май Махлангу қорытынды есепті белгіледі. Нәтижесінде шымкенттік клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Бұл турдағы бір ойын 25 қазан күні болып өткен еді. Қызылордада жергілікті «Қайсар» командасы «Атыраудан» жеңіліп қалды.

Аталмыш турдағы қалған екі ойын 27 қазан күні өткізіледі. Бұл күні «Астана» мен «Ақтөбе», «Жетісу» мен «Тараз» командалары кездеседі.

Ал 30 қазанда 26 және 29-турдағы кейінге қалдырылған ойындар өткізіледі. Дәл осы күні 26-турдағы «Оқжетпес» пен «Астана» кездессе, 29-турдағы «Қайсар» мен «Тобыл», «Шахтер» мен «Атырау» клубтары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар