ҚПЛ: «Қайрат» Талдықорғанда «Жетісудан» ойсырай жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің алты қаласында футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің бесінші турындағы тағы екі ойын аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін үш ойын нәтижесін хабарлаған болатынбыз. Өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесі» Қостанайдың «Тобылынан» 1:2 есебімен жеңілсе, Қарағандының «Шахтері» Павлодардың «Ертісін» 4:0, «Ақтөбе» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді.

Дәл қазір «Тараз» бен «Қайсар» командалары арасындағы кездесу де мәресіне жетті. Аталмыш ойында алаң иелері алғашқы минуттарда басымдық танытты. Тіпті, гол соғатын бірнеше мүмкіндік болды. Осындай сәттердің бірінде «Тараз» шабуылшысы Серж Ньюадзи 23-минутта айласын асырып кетті. Оған 43-минутта «Қайсар» қорғаушысы Иван Граф жауап қайырды. Ол бұрыштамадан әуелеп келген допты «Тараз» қақпасының торында тулатты. Ал 76-минутта «Қайсар» шабуылшысы Братислав Пуношевац әуелете келген допты «Тараз» қақпасына соғып кетті.

Сондай-ақ, Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен Алматының «Қайраты» арасындағы кездесудің де нәтижесі белгілі болды. Биыл «Жетісу» жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Бұған дейін талай мықты командамен терезесі тең деңгейде ойнай білді. Бүгін де дәл сондай қарқынмен жергілікті жанкүйерлерді желпіндірді. Ойынның 25-минутында Никита Наумов бұрыштамадан берілген допты «Қайрат» қақпасына соқты. Ал 88-минутта «Жетісу» сапынан Олег Хромцов мергендік танытты. Ал ойын соңына таман алаң иелері қатарынан Камо Оганесян қақпаны дәл көздеді. Талдықорғандық клуб осылайша «Қайратты» 3:0 есебімен жеңді. «Қайрат» биылғы доп додасында алғаш рет қарсыласына есе жіберіп отыр. Бес тур бойы бірде-бір ұпай шашау шығармаған «Тобыл» командасының ғана еңсесі биік.

Бесінші тур «Астана» мен «Ордабасы» командалары арасындағы кездесумен мәресіне жетеді. Ол елорда уақытымен 18.00-де басталды.


Фото: fckairat.com

Соңғы жаңалықтар