ҚПЛ: «Қайрат» екінші рет тең ойнады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының он екінші турында алматылық «Қайрат» Қарағандының «Шахтер» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» турнир кестесінде бірінші орында тұр. Еншісінде 25 ұпай бар. Бүгін жеңген жағдайда ұпай қорын молайтып, жағдайын жақсарта түсетін еді. Елордалық «Астана» бүгін Ақтаудың «Каспийінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалған еді. Сондықтан алматылық клуб үш ұпай еншілесе, олардан жеті ұпайға ұзап кететін.

Кездесу барысында қарағандылық ұжым оларға лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.

Екінші кезеңнің 64-минутында алматылық шабуылшы Вагнер Лав есеп ашты. Оған 82-минутта «Шахтер» шабуылшысы Айдос Тәттібаев бір голмен жауап берді. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Осылайша «Қайрат» екінші ойын қатарынан тең нәтижеге қанағат білдірді. Естеріңізге сала кетелік, өткенде алматылық клуб Көкшетаудың «Оқжетпесімен» 3:3 есебімен тең түскен болатын.

Енді аталған турда 2 қазанда «Қайсар» мен «Оқжетпес», «Ордабасы» мен «Тараз», «Тобыл» мен «Жетісу» командалары кездеседі.



Соңғы жаңалықтар