ҚПЛ: Екі ойында сегіз гол соғылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 23-турының екі ойыны өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы ойын Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен «Ақтөбе» командалары арасында болды. Бұл кездесуде алаң иелері қарсыластар қақпасына жауапсыз бес гол соқты. Алғашқы гол 11-минутта Айбар Жақсылықовтың еншісіне жазылды. Одан кейін 30-минутта Камо Оганесян есепті ұлғайтса, Айбар Жақсылықов 65-минутта дубльдің авторы атанды. Ал 71-минутта Мантас Куклис қақпаны дәл көздесе, кездесу нүктесін 80-минутта Никита Наумов қойды. Осылайша «Жетісу» 5:0 есебімен басым түсті.

Қарағандыда жергілікті «Шахтер» Қызылорданың «Қайсар» командасын 3:0 есебімен жеңді. Алдымен Доньет Шкодра 52-минутта қанжығасын майласа, одан кейін Еркебұлан Нұрғалиев 61-минутта гол соқты. Кездесуді 74-минутта Сергей Зенев бір голмен түйіндеді.

Бұл турдағы қалған ойындар кеше, 17 тамызда өткізілді. Өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпесі» Шымкенттің «Ордабасы» 0;4, «Тараз» Алматының «Қайрат» клубынан 0:2 есебімен жеңілсе, Павлодардың «Ертісі» Қостанайдың «Тобылымен» 0:0 есебімен тең түсті. Аталмыш турдағы «Атырау» және «Астана» командалары арасындағы кездесу кейінге қалдырылды.

Енді 24-тур 24 және 25 тамыз күндері өткізіледі. 24 тамызда өз алаңында «Ордабасы» «Шахтерді», «Тобыл» «Атырауды» қабылдайды. Ал 25 тамызда «Ақтөбе» мен «Ертіс», «Қайсар» мен «Жетісу», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Астана» мен «Тараз» командалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар