ҚПЛ: Чемпиондыққа тартыс қыза түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі 28-турының төрт ойыны өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, кеше бұл турда екі ойын өткізілді. Өз алаңында «Ертіс» «Шахтерді» 4:2 есебімен жеңіске жетсе, «Тобыл» мен «Жетісу» командалары 0:0 есебімен тең түсті.

Бүгінгі алғашқы кездесу «Атырау» мен «Оқжетпес» командалары арасында өтті. Бұл ойында екі команда 2:2 есебімен тең түсті. Ойынның 25-минутында көкшетаулық Алвес Данило Алмейда есеп ашса, алаң иелері қатарынан Исламнур Абдулавов 30-минутта таразы басын теңестірді. Ал 35-минутта атыраулық Петр Гжельчак өз командасын алға шығарды. Қорытынды есепті 65-минутта «Оқжетпес» ойыншысы Милан Стоянович белгіледі.

Дәл осындай «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары арасындағы кездесуде де тіркелді. Турнир кестесінде көш соңында келе жатқан қос команда жеңіске жетуге бар күшін салды. Ойын барысында «Тараз» футболшысы Әлішер Сүлей 38-минутта есеп ашты. Екінші кезеңнің 47-минутында алаң иелері сапынан Рүстем Темірхан таразы басын теңестірді. Ал 64-минута тараздық Рибейро Дантаса Эливелто қарсыластар қақпасын дәл көздесе, 84-минутта ақтөбелік Әлішер Әзімов мергендік танытты.

Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы ойындар бір уақытта басталды. Елордада «Астана» Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. «Астана» үшін қазір әрбір ойынның маңызы болып тұр. Биыл чемпиондық атаққа бірнеше команда жүргізіп келеді. Сондықтан бүгінгі кездесуде «Астанаға» ұпай жоғалтуға болмайтын еді. Бірінші кезеңде «Астана» сапынан 14-минутта Абзал Бейсебеков есеп ашса, одан кейін 24-минутта Сергей Хижниченко есепті ұлғайта түсті. Ол 58-минутта тағы бір голдың авторы атанды. Осылайша «Астана» 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Ал Алматыда жергілікті «Қайрат» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен ойнады. Ойынның бірінші кезеңінде алматылықтар қатарынан 41-минутта Адеринсоала Эсеола мергендік танытты. Ал 45-минутта Мартон Эппель гол соқса, ол 68-минутта қос голдың авторы атанды. «Ордабасы» сапынан 84-минутта Тимур Досмағамбетов есеп айырмасын қысқартты. Ойынның 90-минутта алматылық клуб қатарынан Вячеслав Швырев қорытынды есепті белгіледі. Ойында «Қайрат» 4:1 есебімен басым түсті.

Турнир кестесінде «Тобыл» 59 ұпаймен көш бастап келеді. Одан кейінгі орындарда 56 ұпаймен «Астана» мен «Қайрат» командалары келеді. Осылайша чемпиондыққа талас қыза түсті.

Ал 29-тур ойындары 5, 6 және 30 қазан күндері өткізіледі. Алдымен 5 қазанда «Оқжетпес» пен «Тараз», «Қайрат» және «Ақтөбе», «Жетісу» мен «Ертіс», 6 қазанда «Ордабасы» мен «Астана» командалары кездеседі. Бұл турдағы «Қайсар» мен «Тобыл», «Шахтер» мен «Атырау» арасындағы кездесу 30 қазанға ауыстырылды. Өйткені, 6 қазан күні Қазақстан кубогының финалында «Қайсар» мен «Атырау» командалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар