ҚПЛ: Бес ойында 15 гол соғылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің  27-тур ойындары болып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз бұған дейін екі ойын нәтижесін хабарлаған едік. Қызылордада «Қайсар» Қарағандының «Шахтерінен» 2:1, Талдықорғанда «Жетісу» Алматының «Қайратынан» 1:0 есебімен басым түсті.

Одан кейін тағы үш ойын мәресіне жетті. «Атырау» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл кездесуде «Атырау» сапынан Юрий Перцух 11-минутта гол соқса, қонақтар қатарынан Мирослав Лечич 28-минутта таразы басын теңестірді. Ал атыраулық Марат Хайруллин 55-минутта пенальтиден гол соқса, 70-минутта «Қызылжар» ойыншысы Шота Григалашвилли есепті тағы теңестірді. Жеңіс голы 88-минутта соғылды. Ол «Атырау» ойыншысы Алексей Родиновтың еншісіне жазылды.

Павлодардың «Ертісі» ел біріншілігінде 10 ойын бойы жеңіске жете алмай келген еді. Бүгін олар сол олқылықтың орнын толтырып, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. «Ертіс» Шымкентте «Ордабасы» клубын 2:0 есебімен сүріндірді. Павлодардық клуб сапынан Угол Секу 36-минутта гол соқса, Павел Шабалин 81-минутта қорытынды есепті белгіледі. Есеп 2:0. «Ертіс» жеңіске жетті.

Ал «Ақтөбе» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдады. Аталмыш кездесуде тобылдық Бауыржан Тұрысбек 54-минутта есеп ашты. Одан кейін 59-минутта «Ақтөбе» ойыншысы Маркос Пиззелли есеп ашса, Саша Марьянович 79-минутта өз командасын алға шығарды. Қорытынды есеп 93-минутта белгілі болды. Бұл жолы тағы да Маркос Пиззели бір голдың авторы атанды.

Осы турдағы бір ойын 23 қыркүйекте өткізіледі. Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында елорданың «Астана» клубын қабылдайды. 

Соңғы жаңалықтар