ҚПЛ: «Астана» «Тобылдан» басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 17-турында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Нұр-Сұлтанның «Астана» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш екі команда турнир кестесінде бірінші және екінші орынды өзара бөлісіп тұр. Сондықтан бүгінгі кездесуге екеуі де тыңғылықты дайындалды.

Кездесу тартысты жағдайда өрбіді. Қос клуб та гол соғу мүмкіндігін іздеді. Дегенмен ойынның бірінші кезеңі тең нәтижемен аяқталды.

Екінші кезеңнің 64-минутында «Астана» ойыншысы Рунар Сигурьонссон есеп ашты. Айта кетерлігі, Исландия құрамасының жартылай қорғаушысы елордалық клуб сапына жақында ғана қосылды. Бүгінгі ойында біздің еліміздің біріншілігіндегі алғашқы голын соғып отыр. Ал 77-минутта «Астананың» тағы бір жартылай қорғаушысы Марин Томасов есепті үстемелей түсті. Осылайша «Астана» «Тобылды» 2:0 есебімен жеңіп кетті.

Айта кетелік, екі команда да келесі аптада біздің еліміздің атынан еурокубок ойындарына қатысады. Елордалық клуб 9 шілдеде УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші кезеңінде Румынияның ЧФР клубын қабылдайды. Ал «Тобыл» 10 шілдеде УЕФА Еуропа лигасы бірінші кезеңінде Люксембургтің «Женеес Эш» клубына қонаққа барады.

Дәл қазір Алматыда жергілікті «Қайрат» пен Шымкенттің «Ордабасы» командалары кездесіп жатыр. Әзірге есеп ашылған жоқ.

Айта кетерлігі, 17-турдың қалған ойындары 6 шілдеде өткізіледі. Бұл күні «Тараз» бен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ертіс» пен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Жетісу» командалары кездеседі.

Ал 18-тур ойындары 13 және 14 шілде күндері өткізіледі. 13 шілдеде «Жетісу» мен «Ертіс», «Ақтөбе» мен «Шахтер», 14 шілдеде «Ордабасы» мен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Тараз», «Қайрат» пен «Қайсар» ойнайды.

Соңғы жаңалықтар