ҚПЛ: «Астана» «Ордабасымен» кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 20 қазанда футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі қайта жалғасты. Ел біріншілігіндегі 30-тур ойындарын «Астана» мен «Ордабасы» командалары бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» жеңіске жеткен жағдайда үш тур бұрын чемпиондық атаққа қол жеткізетін еді. Олар басты қарсыласы - Алматының  «Қайратынан» 10 ұпай алда тұрды. Десе де чемпиондық атақ бұл турда шешілмейтін болды. Оның тағдыры келесі турда анықталуы мүмкін. 

Бүгінгі ойынға келетін болсақ, бірінші кезеңде екі команда да бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Алғашқы гол 54-минутта соғылды. Оны «Астана» сапынан Марин Томасов өзінің еншісіне жазды. Дегенмен, олардың қуанышы көпке созылған жоқ. Арада екі минут өткенде «Ордабасы» сапынан Жасұлан Молдақараев мергендік танытты. Есеп - 1:1. Ойын соңына дейін осы есеп өзгерген жоқ.

Бұл турдағы қалған ойындар 21 қазанда өткізіледі. Атап айтқанда, «Шахтер» мен «Ордабасы», «Қызылжар» мен «Жетісу», «Қайрат» пен «Тобыл», «Атырау» мен «Ақжайық», «Ертіс» пен «Қайсар» командалары ойнайды.

«Астана» енді Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі үшінші тур ойындарына дайындалады. Бұл кездесу сырт алаңда 25 қазанда Чехияның «Яблонец» командасымен болады. Естеріңізге сала кетелік, «Астана» бұдан бұрын сырт алаңда  Украинаның «Динамо» (Киев) командасымен 2:2 есебімен тең түсіп, өз алаңында Францияның «Ренн» клубын 2:0 есебімен тізе бүктірген еді.

 

Соңғы жаңалықтар