ҚПЛ: «Астана» командасы «Қайраттан» жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан біріншілігінің 16-тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын аталмыш турдағы екі ойынның нәтижесі туралы хабарлаған едік. «Оқжетпес» командасы «Атырау» командасынан 3:0 есебімен басым түссе, Талдықорғанның «Жетісу» клубы өз алаңында Қостанайдың «Тобылына» 0:1 есебімен жол берді.

Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Қызылорданың «Қайсар» клубтары арасындағы кездесудің бірінші кезеңі аяқталды. Ойынның 37-минутында Куле Мвомба есеп ашса, 40 минутта шымкенттік Тоқтар Жаңғылышбай таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп 96-минутта белгіленді. Сол қанаттан әуелете берілген допты «Қайсардың» жас шабуылшысы Өркен Махан баспен қақпаға соғып кетті. Осылайша «Қайсар» сырт алаңда «Ордабасыны» 2:1 есебімен жеңіп кетті. Айта кетерлігі, соңғы алты кездесуден бері «Ордабасы» «Қайсарды» жеңе алмай келеді.

Қарағандыда «Шахтер» клубы мен «Тараз» арасындағы кездесудің де бірінші кезеңі аяқталды. Бұл кездесуде алаң иелері сапынан Оралхан Өміртаев 15-минутта есеп ашты. Кездесуде «Шахтер» 1:0 есебімен басым түсті.

Елордалық «Астана» мен Алматының «Қайрат» командалары арасындағы кездесу Павлодар қаласында өткізілді. Бұл кездесуде алматылықтар 2:0 есебімен басым түсті. Олардың сапынан 68-минутта Раде Дугалич, 71-минутта Айбол Әбікен гол соғып кетті. Айта кетерлігі, алғашқы айналымда «Астана» Алматыда «Қайратты» 1:0 есебімен жеңіп кеткен болатын.

Тағы бір кездесу Ақтөбе қаласында өткізілді. Жергілікті «Ақтөбе» Павлодардың «Ертіс» клубын қабылдады. Павлодарлық клуб сапынан 11-минутта Тимур Мульдинов есеп ашса, алаң иелері сапынан 68-минутта Асланбек Кәкімов, 83-минутта Виталий Волков жауап қайырды. Нәтижесінде ақтөбеліктер 2:1 есебімен жеңске жетті.

Ал 17-тур ойындары 5 және 6 шілде күндері күндері өткізіледі. 5 шілдеде «Тобыл» мен «Астана», «Қайрат» пен «Ордабасы», 6 шілдеде «Тараз» бен «Ақтөбе», «Қайсар» мен «Шахтер», «Ертіс» пен «Оқжетпес», «Атырау» мен «Жетісу» командалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар