ҚПЛ: «Астана» «Қайсарды» ірі есеппен жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 14-тур ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті «Астана» Қызылорданың «Қайсар» командасын қабылдады. Жанкүйерлер аталмыш кездесуден тартысты ойын күткен еді. Себебі, «Астана» көш басында келе жатса, «Қайсар» да жақсы көрсеткішімен алдыңғы бестікте болатын. Дегенмен алаң иелері бүгін ойын тізгінін өз қолында ұстады. Алдымен 14-минутта Роман Муртазаев есеп ашса, 25-минутта Юрий Перцух есепті үстемелей түсті. Ал 46-минутта Дорин Ротариу тағы бір доп соғып кетті. «Астана» ойыншылары мұнымен де тоқтаған жоқ. Ойынның 50-минутында Марин Томасов бір голдың авторы атанды. Бұдан кейін «Астана» сол нәтижеге қанағат білдіргендей кейіп танытты. «Қайсар» ойыншылары алаң иелеріне небәрі бір ғана голмен жауап қайырды. Оны 79-минутта Тигран Барсегян соқты. Осылайша «Астана» командасы «Қайсардан» 4:1 есебімен басым түсті.

Қарағандыда «Шахтер» клубы «Атыраумен» 1:1 есебімен тең түсті. Қарағандылық клуб сапынан 22-минутта Доньет Шкодра есеп ашса, оған 64-минутта «Атырау» сапынан Дарко Бьедов жауап қайырды.

Бүгінгі тағы бір кездесу Талдықорған қаласында өткізілді. Жергілікті «Жетісу» Шымкенттің «Ордабасы» командасымен кездесті. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Бірінші кезеңде шымкенттіктер қатарынан Жоау Паоло 15-минутта гол соқса, оған алаң иелері сапынан 22-минутта Камо Оганесян бір голмен жауап қайырды.

Біз бұдан бұрын 14-турдағы үш ойынның нәтижесін хабарлаған болатынбыз. Кеше «Тобыл» сырт алаңда «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңсе бүгін Көкшетауда «Оқжетпес» Алматының «Қайратына» 0:2 есебімен жол берді . Ал «Тараз» бен «Ертіс» арасындағы кездесуде есеп ашылған жоқ.

Енді 15-тур ойындары 23 маусым күні өткізіледі. Онда «Атырау» мен «Ақтөбе», «Ертіс» пен «Шахтер», «Қайрат» пен «Жетісу», «Қайсар» мен «Тараз», «Ордабасы» мен «Астана», «Тобыл» мен «Оқжетпес» командалары кездеседі.

Ал 19 маусымда футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалы өткізіледі. Бұл күні өз алаңында «Қайсар» «Тобылды», «Атырау» «Ордабасыны» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар