ҚПЛ: «Астана» «Қайсардан» басым түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының оныншы туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы ойында Қызылорданың «Қайсары» мен елорданың «Астана» командалары кездесті. Екеуі турнир кестесінде қатарлас келеді. Сондықтан ойынның тартысты өтетіні белгілі еді. Десе де кездеу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны 86-минутта «Астана» ойыншысы Жарко Томашевич соқты. «Астана» қарсыласын 1:0 есебімен жеңіп, турнир кестесінде 18 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Көш басында 24 ұпаймен «Қайрат» келеді.

Сондай-ақ, бүгін Талдықорғанның «Жетісуы» Қарағандының «Шахтерімен» шеберлік байқасты. Аталмыш ойында алдымен қарағандылық клубтан Руслан Мингазов 25, Абдель Азиз Ламанж 53-минутта гол соққан еді. Оған талдықорғандықтар сапынан Айбар Жақсылықов 70, 83, Педро Эуженио 84-минуттарда үш голмен жауап берді. Кездесуде «Жетісу» 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Бүгінгі тағы бір кездесу Шымкенттің «Ордабасы» және Петропавлдың «Қызылжар» командалары арасында өтті. Ойын тағдырын шешкен жалғыз голды «Ордабасы» ойыншысы Жоао Паоло 72-минутта соғып кетті. Осылайша шымкенттік клуб 1:0 есебімен басым түсті.

Аталған турда 22 қыркүйекте Қостанайдың «Тобылы» Көкшетаудың «Оқжетпесін» 1:0, 23 қыркүйекте Жамбыл облысының «Таразы» Ақтаудың «Каспийін» 2:0 есебімен жеңді.

Енді 11-тур ойындары 26, 27, 28 қыркүйек күндері өткізіледі. Алдымен 26 тамызда «Тараз» бен «Тобыл», 27 қыркүйекте «Астана» мен «Жетісу», «Оқжетпес» пен «Қайрат», 28 қыркүйекте «Шахтер» мен «Каспий», «Қызылжар» мен «Қайсар» командалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар