ҚПЛ-2018: Үшінші айналым ойындары басталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Осы аптаның демалыс күндерінде футболдан Қазақстан Премьер-лигасында үшінші айналым басталды. Еліміздің төрт қаласында командалар өзара шеберлік байқасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бүгінгі ойынның бірі Қызылорда қаласында өтті. Жергілікті «Қайсар» Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады. Әрбір кезеңде бір-бір голдан соққан «Қайсар» шабуылшысы Бранислав Пуношевац осылайша қос голдың авторы атанды. Ал оған «Ордабасы» сапынан Неманья Коич 83-минутта жалғыз голмен жауап қайырды. Есеп 2:1.

«Қайсар» биылғы біріншіліктегі 6-шы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша олар турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Бүгінгі тағы бір кездесу Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен Павлодардың «Ертіс» командасы арасында болды. Бұл кездесуде алаң иелері сапынан 16-минутта Мантас Куклис пен 36-минутта Олег Хромцов гол соғып, олар 2:0 есебімен жеңіске жетті. «Ертіс» бұрынғысынша ең соңғы орында тұрса, «Жетісу» алтыншы орынға табан тіреді. 

Осы турдағы тағы екі ойын кеше, 18 тамызда өткізілді. Атырауда қаламен аттас команда «Тобылды» қабылдады. Атыраулықтар қатарынан Марат Хайруллин 51-минутта, Юре Обшивач 85-минутта гол соқса, «Тобыл» құрамынан Марат Быстров 75-минутта бір голдың авторы атанды. Қатарынан үш жеңістен кейін «Атырау» сегізінші орында тұрса, «Тобыл» бұрынғысынша үшінші орнын сақтап қалды. Ал Оралдағы «Ақжайық» пен «Ақтөбе» арасындағы кездесуде 0:0 есебі тіркелді. «Ақтөбе» бесінші, «Ақжайық» сегізінші орында келеді. 

Аталмыш турдағы «Шахтер» мен «Астана», «Қызылжар» мен «Қайрат» командалары арасындағы кездесу 31 қазанға шегерілді. Турнир кестесінде баяғысынша «Астана» 54 ұпаймен көш бастаса, одан небәрі үш ұпайы кем «Қайрат» екінші орында тұр. Келесі тур ойындары 25 және 26 тамыз күндері өткізіледі. 25 тамызда «Тобыл» мен «Қайсар», «Ордабасы» мен «Ақжайық», «Ертіс» пен «Шахтер», «Ақтөбе» мен «Жетісу» командалары кездессе, 26 тамызда «Қайрат» пен «Атырау», «Астана» мен «Қызылжар» командалары шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар