«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күні: Елордада салтанатты жағдайда жастардың некесі қиылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күніне орай жас жұбайлардың некесін қию салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Елімізде 15 сәуірде бейресми түрде Ғашықтар күні атап өтіледі. Мереке қазақ эпосы «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасының кейіпкерлеріне арналған. Бұл күн алғаш рет 2011 жылы тойланды. Осы күнге орай «Есіл» ауданының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлері елордалық жас жұбайларға неке қию туралы куәлік табыстады.


Салтанатты шара ЕХРО-2017 алаңында «Нұр Әлем» сферасында санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақтала отырып өткізілді. Жастардың қуанышты сәтіне куә болуға келген Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов пен Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова құттықтау сөз сөйлеп, жас жұбайларға неке куәліктерін табыстады.

«Осындай шуақты күні, елордамыздың төрінде 9 отбасының жаңа өмірге қадам басуына куә болып отырмыз. Осы күнді бекерден-бекер таңдап алмадық. Бүгін халқымыздың аңызға айналған махаббат символы Қозы Көрпеш- Баян Сұлу күні. Адамзат үшін махаббат ежелден бері – ерекше сезім. Бүгін отбасын құрған жастардың махаббаты баянды, құрған шаңырақтары берік болсын», - деді Берік Жәкенов.

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күнін атап өту осыдан 20 жыл бұрын басталған деген деректер бар. Алайда бұл күнді «Ұлттық ғашықтар күні» ретінде атап өту 2011 жылдан басталғаны туралы да мәліметтер кездеседі.




Соңғы жаңалықтар