ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ КҮМБЕЗІ

None
None
Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күмбезі - Х-ХІ ғасырларда тұрғызылған сәулет өнері ескерткіштерінің бірі. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Таңсық ауылына таяу, Аягөз өзенінің оң жағалауында орналасқан.

Күмбездің табаны төрт бұрышты таған түрінде сырт жағынан ауданы 7,10 x 7,10 метр, ішкі жағынан 3,38 x 3,38 метр, жоғары қарай сүйірленіп, қүмбезделіп өрілген, биіктігі 11.65метр. Еденінен күмбезіне дейінгі биіктігі.4,35метр. Қабырғасы гранит қалақ тастан сабан аралас балшықпен қаланған, қалындығы-1,86метр. Кірер есігі шығысқа қаратылған. Құрылыс дыңға ұқсас болғандықтан, қазақ жеріне ислам діні тарамай тұрып салынған деген жорамал бар. Күмбездің жанында тас мүсіндер болған. Оcы тас мүсіндерді 1771 жылы Григорий Волошин, 1856 жылы Шоқан Уәлиханов қағаз бетіне нобайлаған. Онда қасиетті құтты ұстаған үш әйел мен бір еркек суреттелген. Халық аңызында үш әйелдің бірі - Баян сұлу, екіншісі - сіңлісі Айғыз, үшіншісі - апасы, ер адам - Қозы делінеді. Қазір мүсіндер жоғалып кеткен.

Аңыз бойынша, оны тұрғызуға Сарыбайдың інісі Тайлақ би Тобыл өзені бойынан Аягөзге төрт сан қол (40 кісі) жіберіп, ас бергізіп, ат шаптырып той жасайды. Қозы-Көрпеш -Баян сұлудың күмбезін берік етіп тұрғызып, кескін келбеттерін тасқа түсіреді. Әсіресе Баян сұлудың өң - ажары әдемілеп келтірілген.

Жанақ ақынның жырлауынша, елу мың кісі бастап келген - Айбас, көш жерден тас тасып, Аягөздің биік белесіне күмбез орнатады. Ол күмбез әлі тозған жоқ, махаббаттың мәңгілік белгісі ретінде күні бүгінге дейін тұр. Қозы Көрпеш - Баян сұлу жыры көне замандағы түркі-монғол тайпаларының арасында көп тараған бір ғажайып оқиғаның сюжеті.

Поэманың тақырыбы- екі жастың бір- біріне деген адал сүйіспеншілігі. Сезімнің жоғарғы шыңы- махаббаттың жолындағы бөгет көбіне дәрменсіз екендігі өмір шындығы. Шығарманың негізгі кейіпкерлері Қозы мен Баян заманның қаталдығын, озбырлығын, мейірімсіздігін жеңіп, кездесті, азғантай уақыт болса да ойнап- күліп бақытты өмір сүрді.

«Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырының қазақша жиырмадан астам нұсқасы бар. Бұл эпосты зерттегендер Шоқан Уәлиханов, Григорий Потанин, Василий Радлов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан.

Қозы Көрпеш - Баян сұлу мұнарасын, оның сюжет құрлысын қызыға зерттеген ғалымдардың бірі - Григорий Потанин. Қозы Көрпеш-Баян сұлу жырын жаңадан жинау үшін, оның мұнарасын жақсылап зерттеу үшін Григорий Потанин көп ғалымдармен, қазақ ақындарымен, шежіре айтушылармен байланысқан. Осының нәтижесінде оның қолына Қозы Көрпеш - Баян сұлудың бірнеше нұсқасы түседі. Оларды жіберген атақты Абай ақын (1884ж). Григорий Потанин қазақтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өте жоғары бағалап, мейлінше әділ пікір білдірген: «Орынбор мен Зайсанға дейінгі кеңістікті алып жатқан ұлан байтақ дала-түгелдей білетін сүйікті хикая, қазақ эпикасының ұшар биігі. Жалпы жұртқа ортақ сюжет болғанмен, бірде - бір халық мұны дәл қазақтардай өз эпикасының асқар шыңы ете алмаған» деген ( Марғұлан Ә. Қозы Көрпеш Баян сұлу кешені -Алматы - 1994 ж.). 1939 жылы еліміздің заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов осы жырдың негізінде 4 актілі драмалық пьеса жазып шығарған. (Мүсрепов Ғабит. Драмалық шығармалар. Алматы :Өнер, 1982 ж.)

Ежелгі елдігіміздің сондай ескерткішін бүгінгі ұрпақ қадірлеп-қастерлеп, бабаларға лайықты мұрагер - мирасқор болуы -ұлтымыздың ізгі мүддесі, игі мақсаты. Тәуелсіз мемлекетіміз ілгері өрлеп өркендеуі үшін еңбек жолына қадам басқан әрбір жас адамды рухани нәрлендіріп, жан әлеміне азаматтық абзал қасиеттер дарытуымыз керек болса, сол көкейтесті міндетті орындауда «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жыры - зор қазына.

Қазақ елі 2002 жылы фольклорлық мұраның 1500 жылдық тарихын кеңінен атап өтті.
Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 6 том.
«ҚазАқпарат»ҰК»АҚ-ның арнаулы жобалар бөлімімен толықтырылған.

Соңғы жаңалықтар