Көзімнің қарасы...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат «Qazaqstan Tarihy» порталында жарияланған Абайдың өлеңіне қатысты мақаланы оқырман назарына ұсынады.

«Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қыл» дейді.

Бірде пайғамбардың, бірде шығыс ғұламаларының есіміне телініп келген осы бір сөз шынымен-ақ қағбадай тәу етуге лайық. Мұны баспалап айтып отырғанымыз қазақ рухниятына өлшеусіз үлес қосқан бір адам болса, ол - Тұрсын Жұртбай. Имандай шыным, бұл тұлғаны өзіме идеал тұтамын және жан-жүрегіммен жақсы көремін.

Не нәрсенің нарқы салыстыру арқылы ғана анықталып жатады ғой. Осы адамның алдында біздің еткен еңбек, төккен тер (ол енді бар болса деңіз) рас, Тұрсекеңнің тобығынан да келмейді. Мұны сөз жоқ мойындаймын. Бірақ, ағаммен ана бір жолы кездескенімде Абайдың «Көзімнің қарасы» өлеңіне қатысты жазған дүниеме білдірген пікірі мен ескертпесіне енді еш келісе алмаймын.

Біріншіден, сол аз ғана тілдесуден Тұрсекеңнің біздің төмендегі мақаланы еш оқымағанын, тек сырт көз сыншылардың айтағымен айта салғандығын жан-жүрегіммен түсінгендей болдым (Ол айтақшылардың бар мақсаты әйтеуір адам арасынан от салып, содан бұрқ еткен жалынға алақанын «жылытып» отыру екендігі бесенеден белгілі ғой). Екіншіден, ғалымның «бұл ғазал тек әйел затына ғана арналған» деген құмалақтың тіліндей ғана аз ақпарына көңілімнің еш тұшынбай, қоңылтақсып қалғандығын да несін жасырайын.

Бәлкім, «бала байқарсың мынадай да мынадай дүниелер бар» деп ақылға жатық, бұлтартпас дәлелдер келтіргенде, онда біз пақырыңыз ағаның алдын кесіп, айтқанынан шығып қайда баратын едік.

Қалай десек те «Адасқаның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқанға» деп сөз қалдырған елдің зәузаты мен шын жұрағаты едік қой...

Мына төмендегі мақала «атың шықпаса жер өртенің» лепесі емес, көңіліме көп дүние томпақ келген соң, осыдан көп ілгеріде жазған едім. Бүгін сақал мұртын сәл басып, өздеріңізге қайыра ұсынып отырмын.

Бұл ұлы ұстазымның жағасынан алып ілік іздеу емес, тәуелсіз тұрғыдан өз автономды пікірімді білдіру екендігін тағы да қаперлеріңізге сала кетсем деймін...


«Көзімнің қарасы»

(герменевтикалық талдау)

Бала – жаныңды жалғанмен байланыстырып тұрған бейне бір көпір іспетті. Өмірде жіберген есең мен әнтек басқан әттегенайларыңның қарымтасын тек ұрпағыңмен ғана түгендей аласың. Ендеше бала атаулыны әке мұратының жас тәнге алмасқан жаңа бір мүмкіндігі десек те болатындай. Қытайдың көне бір мақалы да осы ойымыздың ондығына дөп келеді. «Бала әкеден қанша жас кіші болса, сонша жас үлкен» пәлсапасының астарында келер мезгіл мұрагерінің кім екендігін мойындаған әділ бітімгершілік жатыр.

Бәзбіреулер үшін бала - бел қызығының құрбаны, я болмаса ерлі-зайыпты екеудің төсеки алқынысынан пайда бола салған тіршілік иесі ғана. Мұндай тасыр түсініктің төңірегінен «жауапкершілік» туралы ой іздеудің де аса қажеті бола қоймас. Бұл Фридрих Ницщенің әйгілі «Заратустра солай деген» еңбегінде де айырықша айтылады.

Міне, алдымда қос парағы айқара ашылып, Франц Кафканың кітабы жатыр. Жазушының «Әкеге хат» деп аталатын осы бір туындысындағы әке мен бала арасындағы қатынасты оқып отырып, жон арқаң мұздап сала береді. Әрине, мұндағы қатыгездік төркіні өзге тақырыпқа жүк. Біздің жазбағымыз керісінше, мейірім мен сүйіспеншілік мәселесі. Әлем әдебиетінде әке мен бала арасындағы махаббатты Абайдай иін қандырып жазған ақын некен-саяқ шығар. Мұндай ғажайып ғазалға балама болуға жарайтын бірден-бір шығарма көне дәуірдегі испан ақыны Хорхе Манрикенің «Әке өліміне арнау» атты туындысы деген болар едік. Поэманың қысқаша ғана мазмұны мынаған саяды. Өмірді өзенге теңеген ақын «өлім атаулы сол өзенді өзіне тартқан түпсіз терең теңіз секілді, бәріміз де ағып келіп соған құямыз» дейді. Әкесі дон Родригені жоқтап омырауын жасқа бояған шайыр әке даңқын аспандата жырлап, оның батырлығы мен білгірлігін Юлий Цезарьге, ал шыншылдығы мен шешендігін Цицеронға теңейді. Өлімді өнер дәргейінде қабылдауға үйреткен осы бір поэманың негізгі өзегінде қурай үніндей уілдеп тағы бір сарын естіліп тұрады. Осы сарын Абайдың әкесі Құнанбай мен бауыры Оспанды жоқтағандағы зарына қатты келеді ( Бір қызығы, хакімнің Құнанбайды Шыңғыс хан мен Ескендірге, Оспанды Платон мен Сократқа теңеген жолдары Хорхе өлеңінің бейне бір жалғасы секілді). Қос шығарманы өзара жымдастырып тұрған ортақ мәселе әке мен бала арасындағы ғажайып махаббат тақырыбы. Міне, біздің де ізіне түсіп індетпек шаруамыз дәл осы болғалы тұр.

Уақыт тілшесі Хорхеден Құнанбай баласына қарай ауысқанда аталған кейіпкерлер тобы толығымен орын алмастырып үлгереді. Мұндағы ең басты айырмашылық, әке өз перзентін өлгеннен кейін емес, керісінше көзі тірісінде ұлықтайды. Осы орайда мына бір мәселенің де басын барынша ашалап айтқымыз келеді.

Гуманитарлық ғылымда сірескен стереотиптерді сөз қылмағанда, белгілі авторитеттердің атағы мен даңқы алдыңғы шепте жүреді. Олардың еңбегінен көрі есімдерінің бірінші болып куәгерлікке тартылып жататыны да сондықтан. Бір қызығы, сол «данышпандар» дұрыс деп тауып, батасын берген деректі сенің ақылың мен жүрегің, түйсігің мен танымың еш қабыл етпесе ше? Сонда не істеуге болады?

Міне, бұл шаққа дейін мың ғалымның ауызымен «ғашықтық жыры» деп мойындалып, ат қойылып, азан шақырылған хакім еңбегінің бірі – «Көзімнің қарасы» өлеңі.

Ал біздің пайымдауымызша мұның «махаббатқа», оның ішінде әйел затына ешқандай да қатысы жоқ. Бұл Абайдың тәні бөлек демесең шығарда жаны бір, жалғандағы шын «ғашығы» Әбдірахманға арналған өлеңі дейміз.


Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді ішімде,

Ғашықтың жарасы.

Рас, Әбдірахман Абай үшін «көзінің қарасы» мен «көңілінің санасы» еді. Балқожа биді бек ынтызар еткен Ыбырай секілді «Үміт еткен көзімнің нұры балам» ықыласының шын иесі-тұғын. Бұған енді перзент атаулы дөңгелек дүниеге қайыра келген өзіңнің жас «көзқарасың» мен «қарашығың» екендігін тағы да қосыңыз.

Осы жерде мәселенің мия тамырындай матасып, басқа жаққа қарай бағдар тартып кетуіне төртінші жолдағы тұрған «ғашықтық» сөзінің көп әсері болғанға ұқсайды. Бұған басты себеп, кешегі материалистік идея «махаббат» пен «жар» ұғымдарын санамызға тек әйел образы ретінде ғана сіңіріп, одан асыра ойлай алмайтын можантопай түсінікке түсірді ғой. Ал бағзыдағы бабалар пайымы үшін «махаббат» пен «жар» ұғымдары кәдімгі ҚҰДАЙЛЫҚ таным болатын. Бұл сөзімізге Шәкәрім қажының мына бір өлеңі куә.

«...Менің жарым қыз емес,

Хақиқаттың шын нұры.

Оны сезер сіз емес,

Көзге таса бұл сыры.

Жасырып тұр жар өзін,

Бас көзімен қарама.

Жүрегіңнің аш көзін...»


Қазақтың «Құдай жар болсын» сөзінің шын мағынасы да осы бір ойда жатқанға ұқсайды. Ғашықтық – асқақ ұғым. Ғашықтықта тек биіктеу мен құрбандық қана бар. Айталық, адам өзінен төмен жанға ешқашан ғашық болмайды. Ал құмарлықта керісінше, шалбарлық шекке дейін құлдырау мен төмендеу бар (Бірден айтайын, махаббат пәлсапасында ешқандай «неке қағидасы» мен «секс ұғымы» жоқ).

Ғашықтық жан қалауынан туса, құмарлық керісінше тән қалауынан туады. Екеуі сырттай біріне-бірі қатты ұқсағаны болмаса, мүлде керағар ұғымдар. Хакімнің «Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол» деп арасын ашалап айтып отырғаны да сол. Біздің ең басты қателігіміз «ғашықтық» сөзінің шын табиғатын тани алмағанымызда болып отыр ғой. Шәкәрім өлеңдегі «жар» түсінігі секілді бұл жердегі «ғашықтық» сөзі де сакральді ұғым. Ендеше «ғашықтық» ұлт пен ұлыс, еркек пен әйел деп әсте бөлінбейді. Онда тек ынтызар адреске деген алапат сүйіспеншілік пен сәруар махаббат қана болады. Міне, Абайдың ақуалы да осыны меңзейді.


Қазақтың данасы,

Жас үлкен ағасы.

Бар демес сендей бір

Адамның баласы.

Құдайшылығын айтайықшы, осы бір шумақтың әйел затына нендей қатысы бар? Өлең алаш баласының «данасы» мен «ағасы» болар азаматына салмақ түсіріп тұрған жоқ па? Әкенің Әбдірахманға арнаған:

«Жасқа жас, ойға кәрі едің», «...Көргені мен білгені, Жүзге келген шалдан көп». «...Басыңа құдай беріпті, Өлшеусіз қылып ақылын» деген өлең жолдары төбедегі шумақтың шын дәлелі ғой. Мұны місе тұтпасаңыз, ақынның «Әбдірахман науқастанып жатқанда» жазған өлеңдері мен ол дүниеден өткеннен кейінгі топтамасына қайыра бір назар аударуыңызды сұраймыз.


Жылайын, жырлайын,

Ағызып көз майын.

Айтуға келгенде,

Қалқама сөз дайын.

Абай сол сүйікті перзентіне ғана арнап он екі өлең жазғаны мәлім. Кез келген қаламгердің өзіндік сөздік қоры мен ой ағысы болады десек, аталған өлеңдегі: «...Өзгеше болып жаралған, Айырылдым қалқам жарымнан». «...Мен білемін, қайтейін, Мұндай асыл тумайды». «...Қылығың, қалқам, кетер ме, Жалғанда менің ойымнан». «...Сол қалқамды қоймаған, Замана неткен тар еді» деп келетін өлең жолдары жоғарыдағы шумақтың еш айна-қатесіз қайталанған өз аналогиясы емес пе? Осы жердегі төрт шумақ өлеңнің өн бойынан табылған «ғашықтық жарасы», «жас үлкен ағасы», «қалқама сөз дайын» секілді өз ен таңбасы бар ұғымдар, бұл жерде де кеңінен тарқатылып, қайыра бой көрсетіп тұрғандығын анық аңғаруымызға болады.

Жүректен қозғайын,

Әдептен озбайын.

Өзі де білмей ме,

Көп сөйлеп созбайын.

Мүрсейіт Бікі баласының қолжазбасымен жарияланған Абайдың алғашқы жинағында «Көзімнің қарасы» өлеңі 1891 жылы жазылған деп көрсетілген екен. Әбдірахманның 1895 жылы не бары жиырма жеті жасында мерт болғандығын ескерсек, аталған ғазал сүйікті ұлының көзі тірісінде туған. Біз ақынның «Өзі де білмей ме» ишарасынан осыны аңғарамыз. Екінші жағынан, осы бір өлең жолдары әке мен бала арасында орнаған шын асықтықтың ұлына да айпарадай анық екендігін әйгілеп тұр. Не бары төрт шумақ өлеңнен ғана тұратын осы ғазалдың соңғы жолы ақынның сөз түйіні іспетті. Енді «Көп сөйлеп созбайын» деп өз-өзіне тоқтам жасайды.

Жалпы Абайдың шығармашылық дағдысында екі сөйлеудің атымен жоқ екендігін ескерсек, осымен өлең тәмәмдалуға тиіс еді. Қайыра айтайық, «Көп сөйлеп созбайын» деген соң, осымен өлең бітуге тиіс-тұғын. Жоқ, өкінішке қарай олай болмай шықты.

«Тереңдеп қарайсың, телміріп тұрмайсың...» деп басталатын өзге инерциялы он сегіз шумақтан тұратын бұған бір қатысы жоқ екінші бір өлеңнің еш себепсіз бұған қосылып кетуі, негізгі шындықтың көзін бітеп тастаған. Сіз бен біздің тапа-талтүсте айдай ақиқатты ажырата алмай сандалып отырғанымыздың себебі де содан.

Абай шығармашылығында мұндай бір-біріне еш қатысы жоқ екі өлеңнің қосылып кетуі немесе керісінше бірге берілуге тиіс өлеңдерінің ажырап кетуі секілді жайларды көп болмаса да көзің шалып қалады.


Айталық, «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңіндегі:

«Той болса, тон киелік, жүр, баралық,

Бірімізді біріміз аударалық.

Ат арықтар, тон тозар, қадір кетер,

Күлкіні онша күйлеп, шуламалық»

өлеңі біздің ойымызша «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінің санатында тұруы тиіс. Неге десеңіз, өлеңнің бірінші шумағы екінші шумағына әмәнда өз сәулесін түсіреді десек, осы жердегі түсініксіз болып тұрған «аударалық» сөзі төмендегі өлеңнің еш солығы басылмаған өз жалғасы екендігін бірден білдіріп тұр. Әрине, бұл жердегі «аударалық» ұғымының ат аударыспақ ойынына ешқандай да қатысы жоқ.

«...Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,

Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.

Біріңді бірің ғиззәт құрмет етіс,

Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып».

Осы қаз-қатар тұруға тиіс қос шумақ өлең өзара екі өлеңге барып сіңіп кетпегенде жоғарыдағы қарамен берілген «аударалық» ұғымының «...Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып» ескертпесіне қарап-ақ мұның «аударалық» емес, яғни бір бірімізді қашанда «аңғаралық» екендігін оп оңай-ақ ажыратып ала қоятын едік қой. Дәл осындай екі қоспа өлеңді «Жазғытұрым» атты ғазалынан да ұшыратуға болады. Осы өлеңнің 11 шумағынан кейінгі жалғасатын «Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен Ай» деп басталатын бес шумақ өлеңнің бастапқы тақырыпқа тіпті де қатысы жоқ.

Әрине, сөз орайы келген соң айтып отырғанымыз болмаса, мұның бәрі көлемді бір зерттеу мақалаға лайық шаруалар ғой.

Айтпақшы, ұмытып та барады екенбіз. Абайдың осы «Көзімнің қарасы» әні жұмыр жер бетіндегі әр қазақ баласына таныс десек асыра айтқандығымыз емес. Сол бәріміз «білетін» ән Абайдың түпнұсқа туындысы емес, өзгеріске ұшырап операға бейімделген версиясы ғана. Алғаш домбыра табиғатындағы өзінің төл нұсқасын аруақты әнші Мәдениет Ешекеевтің үнтаспасынан естігенде, көңілдің айран-асыр болғаны бар.

Бақсақ, ән әуенінде әйел бейнесі деген атымен жоқ, керісінше келер уақытқа деген сенім мен үлкен үмітті көреміз. Сол үкілі үміттің алаугер кейіпкері ән әуезінің өн бойында үнемі менмұндалап тұрады.

Музыка мамандары «қазақтың көптеген әндері әйел затына арналған» дейді. Бәлкім, солай да шығар, бірақ бұл жердегі «ғашықтықтың» оған үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын қадап тұрып айтқымыз келеді.

«КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ» – көзінің қарашығындай болған Әбдірахманға әке тарапынан жазылған ғажайып туынды. Ақынның аманатындай болған осы бір өлеңді талдауға, шынымды айтсам, көпке дейін жүрексініп жүрдім. Иә, уақыт толғағымен ішке түскен шемен ойдың «шер толқытқандағы» шыққан сәті бүгін болды.

Не нәрсенің болсын өз әдебі бар ғой. Ендеше «көп сөйлемей», біз де сөзімізді осы жерінен тәмам етейік.



Соңғы жаңалықтар