Көзі нашар көретін мүгедек сотта Forte bank-ті жеңіп шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Көзі нашар көретін Анатолий Мигай Forte bank-тен 350 мың теңге көлемінде моральдық өтемақысын қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Медеу аудандық соты Анатолий Мигайдың екінші деңгейлі банкке қарсы талабын қанағаттандырып, моральдық нұқсан келтіргені үшін Forte bank-тен 350 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды. 

«Банк өкілдері қарсы уәж айта алмады. Мигай мырза да шыққан нәтижеге риза, ол тіпті өтемақы туралы ойламаған да еді. Біз үшін банктердің көзі нашар көретін адамдардың құқығын таптамауы маңызды. Бұл мәселені сотқа дейін тындыруды көздеген болатынбыз. Алайда банк өтінішімізге құлақ асқан да жоқ»,-дейді Адам құқығы жөніндегі бюро заңгері Анна Смирнова. 

Оның айтуынша, егер банк қажет деп тапса, 2 ай ішінде шешімді аппелляцияға бере алады. Бұл сот мүгедек жандардың өз мүмкіндіктерін толық пайдалануға хақысы бар екенін айқындап берді. Бүгінде Қазақстанда 20 мыңға жуық көзі нашар көретін адамдар бар. Олардың көбі осындай мәселеге тап болған. 

Еске сала кетсек, аталған банк клиенттің депозиттік шотын өз бетімен пайдалану құқығын шектеген. Есесіне сенімді адамның көмегіне жүгінуін сұраған. 

Алайда мұндай серігі жоқ әрі мұнымен өзі айналысқысы келген клиент пен банк арасында қайшылық туындайды. 
Ал мемлекетіміздің заңында көзі нашар көретін қоғам мүшелеріне жеке шотын басқаруға тыйым жоқ.

Соңғы жаңалықтар