Көзі нашар көретін қарағандылық домбырашы бала халықаралық фестивальде бас жүлде алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған Juldyzai халықаралық онлайн-фестивалінің қорытындысы шықты. Жас таланттар төрт номинация бойынша жарысты: вокал, хореография, аспаптарда ойнау, қимылмен ән салу, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Байқауға Қазақстан, Ресей, Грузия және Өзбекстаннан келген 10 жастан 18 жасқа дейінгі 3 мыңға жуық бала қатысты.

Финалға 379 бала шықты. 14 жасар қарағандылық Нұрдәулет Сағатбек фестивальдің жалғыз Гран-при иегері атанды.

Музыкант Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл» күйін орындады. Ол Қарағанды облысының білім басқармасының көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатында оқиды. Жетекшісі – Нұрдәулет Ыдырысов.

«Бала кезімнен музыкамен әуестенемін. Бірақ домбыраға 11 жасымда жазылдым. Үш жыл ішінде 13 күй және бір ән жаздым, оны ата-анама арнадым. Әннің сөзін Өркен Мұңайтпас жазған. Фестиваль кезінде қатты уайымдамадым, өйткені өзіме сенімді болдым және жеңіске жететінімді сездім. Болашақта композитор, күйші болғым келеді, музыка жазғым келеді. Домбырадан басқа, вокалмен де айналысамын және фортепианода ойнаймын», – дейді Нұрдәулет.

Бұл - жас музыканттың қоржынындағы жалғыз жеңіс емес. Ол республикалық және облыстық байқауларда бірнеше рет биіктен көрінген.

Нұрдәулеттен басқа фестивальге Қарағандының басқа да жас таланттары қатысты. Олар да жақсы нәтиже көрсетті:

- «Қимылмен ән салуда» жоғары топтар арасында «№3 арнайы мектеп-интернаты» КММ оқушылары Алина Бакина мен Илья Чичулиннің дуэті 2-орынды иеленді. Жетекшісі – Елена Литвишкова

- «Аспаптық орындауда» жоғары топтар арасында «Көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернаты» КММ тәрбиеленушісі Нұршат Баетова «Қарлығаш» халық әнін орындап, 2-орын алды. Жетекшісі – Нұрдәулет Ыдырысов

- «Хореографияда» жоғары топтар арасында «№9 арнайы мектеп-интернаты» КММ оқушысы Гүлнар Нұрмағанбетова үнді биін орындап, 3-орынды иеленді. Жетекшісі – Әсел Жағыпарова.


Соңғы жаңалықтар