+7 (701) 759 90 19
USD 399.67 EUR 452.95
RUB 5.82 CNY 56.36
Jańalyqtar

Көзі көрмейтін музыкант: Әлемді жүрекпен сезінемін

2020 жылғы 22 ақпан 13:20
Бөлісіңіз:
Көзі көрмейтін музыкант: Әлемді жүрекпен сезінемін

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елорда тұрғыны Азамат Темірбаевтың көзі 5-7% ғана көреді. Айналасын, сондай-ақ жанындағы адамдарды бұлыңғыр күйде ғана көретін ол әлемді бас көзі емес, жүрек көзімен сезетінін айтты. «ҚазАқпарат» тілшісі тағдыр сынағынасынбай, өмірдің әр сәтінен шабыт алып, ән жазатын кейіпкерден сұхбат алды.

- Қай жерде туып-өсіп, алғаш рет музыкаға әуестене бастадыңыз?

- Мен Павлодар облысы, Екібастұз қаласының тумасымын. Ата-әжемнің баласымын. 7 жасымнан бастап Алматыдағы Островский атындағы зағиптар және көздері нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта оқыдым. Ата-анам сол кезде жұмыс бабымен Павлодар облысында қалды. Алматыға менімен бірге әкемнің әпкесі барды. Менің жасым 35-ке келді, әпкем әлі күнге дейін менің қасымда. Екі қарындасым бар. Олар тұрмыста. Ал музыкаға деген махаббатымды оятқан – менің атам. Ол домбырада ойнайтын және домбыра шертуді маған алғаш үйреткен де атам. Оны алғашқы ұстазым деп санаймын.


- Қазіргі уақытта музыкамен кәсіби тұрғыда айналысасыз. Арнайы оқу орнын бітірдіңіз бе?

- Мектеп бітіргеннен кейін П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде, одан кейін Жүргенов атындағы өнер академиясында оқыдым. Колледж бен өнер академиясында бас-гитараны меңгердім. Қазіргі уақытта «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жанындағы Saz and Soul ұжымында жұмыс істеймін. Сонымен қатар өзім ән жазумен айналысамын.

- Осы салада қандай жетістікке жеттіңіз?

- Болгарияда өткен халықаралық байқауда бас-гитарамен қатысып, бірінші орын алдым. 2018 жылы Испанияда өткен байқауға әнші ретінде қатысып, екінші орын алдым.

- Көбінесе қандай жанрдағы әндерді тыңдайсыз?

- Мен джаз, соул, классика жанрындағы әндерді тыңдаймын, бірақ өз басымның ішіндегі әуенді көбірек тыңдауға тырысамын. Үлкен сахналарда өнер көрсетпегеніммен, ән жазу маған ұнайды. Қазіргі уақытта маған не ұнайды, сонымен көбірек айналысуға тырысып жүрмін. Әр қадам мақсатқа жақындатады

- Жеке шығармашылықпен айналысып, ән жаза бастағаныңызға қанша уақыт болды?

- 2015 жылдан бастап жеке шығармашылықпен айналыса бастадым. Ол кезде әлеуметтік желі, жұмысыңды ақылы түрде жарнамалау дегенді көп біле бермейтінмін. Енді осының бәрін қолға алуым керек. Қазіргі уақытта 4-5 әнім бар. Соңғы жазған «Ең әдемі» әнінің сөзін де, әнін де өзім жаздым.


- Сізді не шабыттандырады? Әндеріңіз белгілі бір жағдайға байланысты туындап, әлдебір адамдарға арналған ба?

- Жазған әндерім белгілі бір адамға арналмаған. Мен үшін ән – адам жанының бір күйі. Шабыт келген кезде кейінге шегермей, бірден диктофонға жазып аламын. Ән қалай туындайтынын түсіндіріп жеткізу қиын. Ең бастысы: ән жазу барасында ниетің – ақ, жүрегің – таза, болмысың – шынайы болуы керек.

- Saz and Soul тобымен жүрген кезде қандада бір қызықты жағдайлар болып тұратын шығар. Солардың бірін айтып бере аласыз ба?

- 2012 жылы «Х фактор» бағдарламасында марқұм Батырхан Шүкенов «Не рассаказывай» әнін айту үшін музыканттарды шақырды. Сол кезде мен бас-гитарада ойнадым. Батырхан ағаның жүзін анық көру мүмкіндігі болмағанмен, оның талап қоя білетін, музыканттардан не қалайтынын түсінетін адам ретінде қабылдадым.


- Көзіңізді емдету үшін әрекет жасап көрдіңіздер ме?

- Көзімнің 5-7 пайызы ғана көреді. Бұл – туабітті дерт. Емделу үшін Германияға, Америкаға бардым. Шетелге үкілі үмітпен барған кезде дәрігерлер ешқандай жолмен көмектесе алмайтындарын айтқан кезде көңілің түсіп қалады. Мен қандайда бір шешім қабылдар кезде «Бәрі ойдағыдай болса не болады? Бәрі ойдағыдай болмаса не болады?» деген сияқты екі сұраққа жауап беремін. Сондықтан дәрігерлердің жауабын естіген кезде көңілім түсіп қалғанмен, «дәл осындай күйде 35 жыл өмір сүрдің емес пе? Оның несі қиын?!» деп өзімді жігерлендіріп, есімді жиып аламын.

- Осындай ерекшелікпен туған адамдар әдетте өздерін қоғамнан алшақ сезінеді. Сіздің жағдайыңызда олай емес. Тұрақты жұмысыңыз да бар, шығармашылықпен де айналысып жүрсіз, достарыңыз да көп. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

- Мен өзімді қоғамнан алшақ сезінбеймін, керісінше қоғам жатырқай қарауы мүмкін. Шын мәнінде әр адам ерекше, қайталанбас, өзіндік қабілеті бар тұлға. Мысалы, біздің көзіміз дұрыс көрмегенмен, басқа сезім мүшелеріміз жақсы дамыған. Адамның дауысы, жүрісінің дыбысынан-ақ адам мінезін аңғаруға болады. Әр адамның өзіне тән энергетикасы болады, соны сезе білеміз.


- Өмір таңдау мүмкіндіктерінен, алға мақсат қою, шешім қабылдаудан тұрады. Өміріңіздегі дұрыс шешім қабылдаған кездеріңіз көп пе?

- Менің екі қарындасым тұрмысқа шығып, 2012 жылы ата-анам астанадан Алматыға көшіп келмек болды. Олар менің қасымда болғылары келгенмен, таулы аймақ болған соң денсаулықтарына жақпады. Одан кейін мен олардың қасына астанаға көшіп келу туралы шешім қабылдадым. Бұл туралы оларға айтқанда керемет қуанды. Негізі ол кезде Алматыда жақсы жобаларда жұмыс істеп жүрдім. Күні бойы жұмыста болатынмын, яғни сұраныс жоғары болды. Ол жақтың көктемі де, жазы да, күзі де, қысы да ерекше, ал бұл жақта тек қыс пен жаз мезгілдері ғана болатын сияқты. Астанаға келетін бір ғана себеп – ата-анамның қасында болу еді. Осы жаққа келгенде кәсіби музыканттар аз екенін байқадым. 2017 жылы анам қайтыс болды. Сол кезде мен бұл жаққа бекер келмегенімді, дұрыс шешім қабылдағанымды түсіндім. Олардың жанына ертерек келуім керек пе еді деп те ойладым. Қазіргі уақытта әкем, үнемі менің қасымнан табылған әпкем бәріміз бірге тұрамыз.

- Арман, мақсаттарыңызбен бөлісе аласыз ба?

- Мақсатым – музыка саласында өзімнің қабілетімді жетілдіре түсу. Менің әндерім тыңдарманның жүрегінен орын тапса, біреуге қуаныш сыйлап, біреуге ой салып, әртүрлі әсерге бөлесе қандай жақсы. Тағы бір мақсатым – отбасын құру. Ал арманым – әлемге әйгілі тұлға болмасам да, мәдениет саласында өз ізімді қалдырғым келеді. Осы алған бетімнен қайтпай, 45-50 жасқа дейін шығармашылық тұрғыда толыққан адам болып қалыптассам – мақсаттың орындалғаны.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Нұр-Сұлтан, Мәдениет,
Бөлісіңіз:

Автор:

Зарина Қаһарман

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT