Қожамжаров: Әскери құрылымдардың жанар-жағармай сақтайтын қоймаларының жағдайы алаңдатады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қайрат Қожамжаров бастаған бір топ сенатор әскери құрылымдардың жанар-жағармай сақтайтын қоймаларының сапасы мен қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізді алаңдатып отырған күрделі жағдай – еліміздегі әскери құрамдардың жанар-жағармай сақтайтын қоймаларының сапасы мен қауіпсіздігі. Себебі биыл Қорғаныс министрлігінің аталмыш қоймаларының 85 пайызының қызмет көрсету мерзімі өтіп кеткен. Ал келесі жылы олардың бәрі де жарамсыз болмақ. Сол сияқты Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның жабдықталуы 52 және 30 пайызды құрайды. Отынның қажетті қоры болмаса, не ол сапасыз болса әскери техника жедел түрде, әсіресе төтенше жағдайларда өз міндеттерін орындай алмайды», - деді Қайрат Қожамжаров Парламент Сенатының отырысында.

Оның айтуынша жақында Қарағанды облысының әскери бөлімдерінің бірінде жарамсыз қоймадан жарты миллиард теңгенің жанармайы ағып кеткенін айтып өтті.

«Мұндай оқиғалар экологияға келтірілетін залалды айтпағанда әскери қызметкерлер мен жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындарының өмірі мен денсаулығына қауіп туғызады. Өкінішке қарай тура бір жыл бұрын мұндай қайғылы жағдай оңтүстік өңірде орын алып, адам өлімі мен орасан зор материалдық залалға соқтырды», - деді ол.

Сенатор осы жылдың наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрімен кездесу барысында оқ-дәрілерді сақтау нысандарының, полигондардың, әскери қалашықтардың және жалпы әскери күштердің инфрақұрылымын жетілдіру бойынша қажетті жұмыстарды жүргізуді тапсырғанын еске салды.

«Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында осы мәселені түкпілікті шешуді сұраймыз», - деді Қайрат Қожамжаров.


Соңғы жаңалықтар