Қожа Ахмет Ясауи -түркі тілдес халықтардың салт-дәстүрін сақтай отырып, ислам дінін жеткізе білген ұлы тұлға - Н. Шимшек

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТҮРКСОЙ бөлімінің ұйымдастыруымен «Қожа Ахмет Ясауи мұралары» атты халықаралық семинар-практикум жүріп жатыр. Бұл іс-шара ЮНЕСКО деңгейінде «2016 жыл - Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялануы аясында Қожа Ахмет Ясуидің қайтыс болуына 850 жыл толуына арналды.

«Бүгінгі іс-шараны өткізудегі мақсат - алғашқы түркі сопысы Қожа Ахмет Ясауидің өмірін, шығармаларын, идеяларын қоғамға кеңінен түсіндіру және осы салада жасалған зерттеулерге үлес қосу. Ясауи мұралары әлі де толық зерттеліп, олардың терең мән-мағынасы толыққанды түсіндірілген жоқ. Сондықтан, бүгінгі жиында осы салада жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстарында қандай кемшін тұстар бар екендігі айқындалып, шешу жолдары ұсынылады», - деді өз сөзінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент Невзат Шимшек.

Сонымен қатар, ол Ясауидің ислам дінін түркі тілдес халықтарға олардың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтай отырып, бейбіт түрде насихаттай білген ұлы тұлға екендігін жеткізді.

«Түркі тілдес елдер ешқашанда араб мәдениетімен өсіп-өркендеген емес. Олардың толыққанды өз мәдениеті болған. Өйткені дін бөлек, араб мәдениеті бөлек. Ал Қожа Ахмет Ясауи ислам дінін түркі тілдес халықтарға, олардың мәдениетін, салт-дәстүрін сақтай отырып, бейбіт жолмен насихаттай білген, уағыздай білген ұлы тұлға. Сондықтан, бүгінгі жастар діни теріс ағымдарға түсіп кетпесі үшін, оларға Ясауидің «Диуани хикет» (Ақыл кітабы) шығармасын кеңінен түсіндіруіміз қажет. Өйткені, «Диуани хикмет» - әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілікке, ішкі тазалыққа бастайтын ұлы туынды», - деді Н. Шимшек.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінгі іс-шарға қатысқан ғалымдардың баяндамалары және Ясауи мұралары бойынша зерттеу жұмыстары, жазылған еңбектер топтастырылып, алдағы уақытта кітап ретінде басып шығарылады.

Халықаралық ғылыми семинар-практикумге Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Рыза Каған Йылмаз, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің I-ші вице-президенті, профессор, доктор Мехмет Куталмыш, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының докторы, доцент Невзат Шимшек, Мармара университеті дінтану факультетінің профессоры, докторы Неждет Тосун, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Әшірбек Мүминов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, философия ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр, сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркияның Ғылым академиялары мен университеттерінен келген ғалымдар мен оқытушылар қатысып отыр.

Семинар-практиумның жұмысы одан әрі жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар