«Көзге көрінбейтін мемлекет» сервисі - Мусин денсаулық саласын цифрландыру жайлы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат –ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин денсаулық сақтау саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрландыру бағытында назар аударуды қажет ететін тұстар бар. Денсаулық сақтау саласы цирфлық трансформациялауды қажет етіп тұр. Біз қазір сол бағытта жұмыс істейміз. Жеті жылдың ішінде денсаулық сақтау саласы әлдеқайда болжамды, жеке адамдарға бағытталған құрылымға айналып, OpenAPI форматындағы деректер базасына қолжетімділік мүмкіндігі осы салада да жұмыс істеуі керек. Бұл әрбір адам мемлекеттің бақылауында, қамқорлығында екеніне сенімді болу үшін керек»,- деді министр.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтерді проактивті форматқа ауыстыру әрі қарай жалғасатынын еске салды.

«Әр отбасының деректерін талдау арқылы біз мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта көрсетеміз. Яғни, әр адамның, әр отбасының бас ауыртып жүрген мәселесін талдау арқылы біліп, оған икемді сервисті ұсынамыз. Бұл, бейнелеп айтқанда, «көзге көрінбейтін мемлекет» деуге болады. Біз адамдарды «Электрондық үкіметте» түрлі құжаттар толтыруға мәжбүрлемейміз.

Мысалы, қазір бала дүниеге келсе, ата-анасына құттықтап, «Балаға қандай есім қойдыңыз?» деген жалғыз сұрақпен хабарлама жібереміз. Ол хабарламаға ата-ана баланың есімін қойып үлгерген болса, жауап ретінде жолдайды. Осының негізінде баланың аты-жөні жазылған туу туралы куәлік дайын болады. Биылдан бастап бұл құжат электрондық құжатқа айналды. Яғни қағаз нұсқасын рәсімдеу міндетті емес», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар