Қойшығара Салғараұлы: Бай тарихымызды әлі де игере алмай отырған елміз

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Жошы ханның тарихи тұлғасына әлем назарын аударту туралы мәселе көтерді. Өз сөзінде Президент: «Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын» деген еді. Шындығында бұл бағыттағы әңгімелер аз емес. Соның бір парасы туралы академик-тарихшы Қойшығара Салғараұлымен сұхбатта көтерілген еді.

Махат Садық:

Кешелі – бері жұрт аузында жүрген әңгімеге назар аударсақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ, бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті. Жалпы тарих деген ұғымды қарапайым сөзбен өрнектесек ол ата бабаларымыздың өмірбаяны болып шығады. Солардың тұрмыс - тіршілігі. Өткен жолымызды білу - барар бағытымызды айқындау. Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қарашаңырағы дейміз. Сіз Түркі қағанатын арнайы зерттеген ғалымсыз. Осы тұрғыда оқырмандарымызға мәлімет беріп өтсеңіз.

Қойшығара Салғараұлы:

Біз тарихы бай елміз. Бірақ сол бай тарихты игере алмай отырған елміз. Түрік қағанатын арнайы зерттедім. Түркілердің өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі алтыншы ғасырда орнаған Бірінші Түрік қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлға - Туұлы Бумын қаған. Мықты реформатор болған. Есте жоқ ескі заманда Еділ мен Жайық арасында Түрік деп аталған мемлекет болғаны тарихтан белгілі. Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алған жоқ. Ол құрған Түрік мемлекеті дәуірлеп, төңірегіндегінің бәрін билеген. Осылайша гүлденіпіп кемеліне келген империя, бір жылдары кемерінен асып, төгіліп, құлдырап тараған. Жалпы көшпенділер тарихына үңілсек бірігу мен ыдырауды жиі байқаймыз. Біріккен кезде далалық ұлы держава - Ұлыс аталған. Ыдырап тарағанда жеке – жеке хандықтар мен бектіктерге бөлініп кеткен. Осы ұлы тарихымызды біліп – тану пешенемізге жазылмай келді. Зерттеліп қағазға түспеді. Отаршылық оған мүмкіндік бермеді.

Ресейлік имерия билігі кезінде олар білімді зерттеушілері шенеуніктерін қазақ жеріне жіберді. Біздің әдет – ғұрпымыз, салт – дәстүріміз бен менталитетімізді, тіліміз бен дінімізді стратегиялық мақсаттарға пайдалану үшін жазылған шпиондық есептері кейінірек жазба тарихымызға айналды. Совет Одағы тұсында Қазақ тарихының атасы аталған - Ресей тарихшысы, Ресей империясының мемлекеттік қайраткері Алексей Левшин империяның мүддесіне еңбек жасаған кеңсе қызметкері. Осының бәрін зерделеу керек.

Жалпы, мен тарих ғылымдарының докторы да, кандидаты да емеспін. Әйтсе де мен тарих үшін аз еңбек жасағаным жоқ. Саналы ғұмырымды қазақ тарихына арнап келемін. Совет заманында тарихшылар қазақ тарихынан ғылыми атақ қорғаған жоқ. Барлығы коммунистік партияның бесжылдық жоспарының тарихи маңызына арналған ғылыми жазбалар ғана. Бәрінде коммунистік партияның жетекші рөлі сипатталған.

Махат Садық:

Осы тұсты мынадай әңгіме еске түседі. Сіз Бауыржан Омарұлымен болған сұхбатта Сіздің Қытайда бір жарым жыл тұрып, 1997-98 жылы алып келген материалдарыңыз туралы сөз болады. Онда: «Мен Бичуриннің аудармасында жоқ материалдарды әкелдім. Мен оны ғұлама Бичурин көрмеді, білмеді деп ойламаймын. Кешегі жүйеде тарихымызға қатысты біздің бұрын да іргелі ел болғанымызды көрсететін маңызды деректерді жариялаудың тиімсіздігіне байланысты әдейі ойып алынып тасталған шығар деп топшылаймын», - депсіз. Содан бір мысал айтып өтсеңіз.

Қойшығара Салғараұлы:

Мысалы, бүкіл әлем тарихшылары біздің эрамыздан бұрынғы жиырма бірінші ғасырдан бастап біздің дәуіріміздің бесінші ғасырына дейін ежелгі қытайдың теріскейі мен теріскей батысын мекендеп келген байырғы көшпелілердің бәрін бір халық, яғни сиуңнудің арғы аталары деп біледі. Шындығында олардың бәрі түркі тілдес халықтар болғанымен, өз алдына бөлек-бөлек халықтар екен. Сиуңну халқы, жалпы, Қытайға біздің эрамызға дейінгі төртінші ғасырдың аяғы мен үшінші ғасырдың басында барған. Бұл бірде-бір ғалымның еңбегінде айтылмаған. Мен түпнұсқа дереккөздерін салыстыра қарау барысында және қытайдың маман ғалымдарымен пікір алмасу арқылы осыған көз жеткіздім. Бұл деректі Рашид Ад-диннің еңбегі де растайды. Бұрын оны мен аңғарған жоқ едім. Біріншіден, барлық зерттеушілер ғұн халқын Қытайдың ежелгі көршісі деп қана біледі. Ал жаңа деректер ғұнның батыстан шығысқа ауып барған халық екенін айғақтайды. Екіншіден, дүние жүзінің тарихшылары сиуңнуларды түріктер дейді, дұңхуларды моңғол дейді. Бұл да қате. Сиуңну дегеніміз – моңғолдар, дұңху дегеніміз – татарлар. Біздің тарихшылар көбіне татар дегенді ұмытып кетеді. Кешегі түрік қағанаты құлағаннан кейін шығыстағы бүкіл биліктің бәрі сол татарлардың қолында болды. Міне, қалыптасқан қағидалар шеңберінен шығып, түпнұсқа дереккөздері беретін мағлұматтарды көшпелі өмір салты тудырған заңдылықтарға сай пайымдап жасалған осындай жаңа тұжырымдар, шүкір, баршылық.

Бичуринге келсек чуваш халқының мықты ғалымы ғой, обалы не керек, ол өз міндетін абыроймен атқарған. Бичуриннің аудармасын жолма-жол зерделеп отырып байқағаным, дайын дүниедегі түрік жұрағатын мадақтайын, қағанаттың дүрілдеген кезеңін сипатайтын тұстар тұтасымен қиылып тасталған. Ол енді коммунистік партияның цензурасы болғаны анық. Міне соны мен қаз – қалпына келтірдім. Бұл тарихқа қайтадан жаңаша көзқараспен қарайтын, жаңаша сипат беретін дүниелер. Ешкім зерттеп жатқан жоқ. Әр ұлт өз халқының тарихын білу керек. Дүрілдеген талай империя құрып кетті. Ол қайталануы мүмкін. Сол қайталанбауы үшін не қарақеттер жасалмақ керек. Міне, тарих сабақтары деген осы.

Махат Садық:

Баланы неге тәрбилесең соған үйренеді. Бүгінгі күн биігінен кешегі тұлдыр, болашағы бұлдыр халық емеспіз деп мақтанышпен айтамыз. Ендеше бабаларын қалтықсыз қастерлей білген халық балаларының да болашағын да қапысыз қамдай алмақ. Ол дегеніміз әр қазақ өз баласын ұлттық құндылықтарға үйретіп дағдыландыруы керек деген сөз. Ата – бабаларымыздың мызғымас та мұқалмас ерлік дәстүрінен бейхабар ұрпақтан келешекте кім өсіп шығары да беймәлім. Тарихшының осы тұрғыдағы тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін естісек деп едік.

Қойшығара Салғараұлы:

Не нәрсенің болмасын негізі болады. Негіз болмаса құлдырайды. Біреудің айтқанын жалғап жазу қателіктерге ұрындырады. 1999 жылы бес кітапты «Санат» баспасынан шығарып, бес кітапты өзім қолдан түптеп, бұл жазбаларым тікелей Елбасымыздың идеясымен жүзеге асқандықтан Президент Нұрсұлтан Әбішұлының алдына қойдым. Оның бір бағыты ертеректе орыс тіліне аударылған. Бірақ кейбір цензуралық мәселеге қатысты жарыққа шықпаған дүниелер. Ал келесі бағыты ешқашан біздің тарихшылар таныспаған жаңа тақырып. Ғылыми айналымға түспеген дүниелер. Ал үшінші бағытым қытай ғалымдарының ерте заманнан қазақтар туралы зерттеген, жылнамалық мақалалар жиынтығы. Міне сол дүниелерді әлі күнге дейін илеп жатырмын. Дайын болғандары жарыққа шығуда.

Тарихтағы ең маңызды мәселе ол деректану. Кез келген деректі өз халқының таным түсінігімен қабылдау керек. Бүгінге дейінгі біздің тарихымыз еуропалық таным түсінік бағытындағы нұсқаға сүйене отырып жазылып келді. Қазақ халқының тарихын шын мәнінде тереңнен зерттеген, соны толық ғылыми тұрғыда негіздеген ғалым тарихшы жоқ. Бұл үлкен өкінішіміз. Бізде тарихшы мамандар бар. Бізде білгілі тақырыптарды алған, белгелі кезеңдерді зерттеп одан докторлық монография, кандидаттық дисертация қорғаған тарихшылар ғана бар. Олар жалпы қазақ тарихының өткені мен кеткенін білмейді. Медицинада дәрігерлер өз саласының кәсіби маманы болса, біздің тарихшылар да халқымыздың тарихының белгілі бір кезеңінің маманы. Қазіргі бірінші кезектегі міндет тарихшы мамандарды дайындауымыз керек. Халық таныған, сырт ел ғалымдары мойындаған бірде – бір мықты тарихшымыз жоқ. Осы жағы өкінішті. Соның кесірінен бұрынғы Совет Одағы кезіндегі, Ресей отарлаушылары заманында жазылған дүниеге тәуелсіздік шапанын кигізіп, қайтадан халыққа ұсынып оқулық деңгейінде студенттерге оқытып жатырмыз.

Қытай сапарынан кейін он кітап жазылды. Ешкім соны пайдаланып зерттемеді. Ештеңе жазылмады. Дайын дүниелер ғой. Телефильм, кино түсірілсе ұлттымызды ұлықтайтын деректер деген жетіп артылады.

Тіптен әкелген нақты деректерім кейбір қорғалған дисертациялардың қате екенін көрсетіп отыр. Солар мұныңыз дұрыс емес деп дауласпайды да. Бір сөз айтпайды. Өмір жылжып жатыр. Жабылған қазан жабылған күйінде. Бір жағымызда жайғасқан Қытайда жеңілдік немесе жеңілу деген ұғым жоқ. Жеңіліп қалып, дұшпанының талабына орай алым – салық төлеп отырса да, оны біз жақын досымызға арнайы сый – сияпат жасап, ең жақсы сыйлығымызды жолдап отырмыз дейді. Қыздарын әйелдікке аттандырып, алтыны мен жібегін аямай беріп, ертеңінің ережесін кірпіштеп қалай берген. Болашағын ойлаған.

Саған осы пәлсәпа негізіне бір мысал келтірейін. Ғұн императоры Хан патшасының жасағын жүз мың әскерімен қоршап алады. Хан имераторының жауынгерлерін жүз мың әскермен қақаған аязда жеті күн қоршап тұрады. Әскер суыққа шыдамай, қолдары садақ тартудан қалады. Жейтін азық таусылып, Хан әскері қырылуға шақ қалғанда Ғұн имераторының сүйікті әйелі, ұлты қытай қызына жансызынан хат жолдайды. Бауырларын қырылайын деп жатыр. Күйеуіңді көндір, болмаса біттік дейді. Ғұн имераторы сүйікті әйелінің өтінішіне көніп, Хан әскеріне тиіспей қоя берген...

Махат Садық:

«Үш жүз отаршылықта болып, санасы саңсырап қалған елге танымдық дүние керек». Бұл Сіздің сөзіңіз. Ұлттық сананы қалыптастыруға көп еңбек сіңірдіңіз. Ол тарихты тану арқылы келеді. Тарихи сана қалыптасқаннан кейін барып ұлттық сана қалыптасады.Мемлекеттік хатшының кеңесшісі, мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңес хатшысының орынбасары, 1997 жылы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінде мәдениет жөніндегі кеңесші қызметтерін атқардыңыз. ҚХР-да жүргеніңізде «Сиуңну», «Дуңху. Гаучы», «100 құжат», «Таным тармақтары», «Анықтамалық» атты кітаптары жазылды. «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» роман-эссе, «Қазақ қазақ болғанға дейін», «Қазақ қазақ болғаннан кейін» деген екі томдық романдарыңыз жарық көрді. «Қазақтар» трилогиясы үшін ҚР Мемлекеті сыйлығының лауреатымен марапатталдыңыз. Сізді толық мағынада Ұлт зиялысы деп айтуға болар. Кейінгі кездері бізде Ұлт зиялысы жоқ деп даурығатындар көбейді. Ұлт зиялысы деген сөзге қандай анықтама берер едіңіз?

Қойшығара Салғараұлы:

Махат, бұл арқылы айтпайтын дүние еді деп жүргенімді айтқызбақсың ғой. Жарайды. Бұрынғы жаттанды ұғымдар бар. Олардың мәнін түсіне бермейміз. Тарихшы ретінде тарихты зерттеп жүрген адам ретіндегі түйген ойымды тыңда. Ұлт зиялысы деген өзі шыққан ұлттың бүкіл жақсы қасиеттерін бойына сіңірген, кісілік парасаты жоғары, ұлттық дамуға мүмкіндік беретін әлеуметтік мұраттарды алға шығарып, соны қолдап соны қорғап, осы жолда кездескен қиындықтарға мұқалмай, қажет болса құрбандыққа баратын рухы биік, ары таза қайраткер адам. Осындай адам бар ма? Бар болса соны көргесі келетін көз, я адам бар ма?! Мынандай шумақтармен жауап берейін:

Сен адамсың, өзіндік тұлғасың!

Сондықтан бәрінен жоғары қадірлі бір басың,

Тағдырың қалай, қайда бұрмасын.

Заманың тезге сап ырғасын.

Сонда да жігерің жасып, сағың сынбасын!

Намысың жаныңды шыңдасын.

Жүрегін ақылыңды тыңдасын,

Қадірлі басың, қадірсіздің алдында иіліп тұрмасын!

Өйткені сен адамсың!

Өйткені сен Тұлғасың!


Фото: e-history.kz







Соңғы жаңалықтар