Қоймалардан жіберілетін дәрі-дәрмектердің көлемі жеті есеге өсті - Саида Ерденбекова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Дәрі дәрмектерді рәсімдеу мен сертификаттауды жеделдету арқасында ірі жеткізушілердің шетелден келетін дәрі-дәрмектердің көлемін ұлғайтуға мүмкіндігі артып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медсервис плюс» фармацевтік компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Саида Ерденбекова Алматыдағы коронавирус пандемиясына байланысты фармқоймалардың күшейтілген режимде жұмыс жасап жатқанын айтты.

Ол өзінің сөзінде Алматы дәріханаларына дәрі-дәрмектің дер кезінде жетуі үшін қойманың 80 қызметкері еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.

С. Ерденбекованың мәліметі бойынша, соңғы екі аптада өмірлік маңызы бар дәрі-дәрмекке деген сұраныс күрт артқан. Бұрынғы кезеңмен салыстырғанда, дәріханаларға жіберілетін препараттардың көлемі шамамен жеті есеге ұлғайған. Қоймаларда медикаменттердің 12 мың түрі бар. Компания күн сайын жүк тиелген жеті фураны қабылдайды.

«Күн сайын үлкен жүк көліктерін, шамамен 5-7 фураны қабылдаймыз. Оларға тиелген тауарлар қоймаларда өңделеді, артынан Алматының дәріханаларына бөлінеді. Біздің компания қаланың 700-800-ге жуық дәріханаларына қызмет көрсетеді», - деді С. Ерденбекова.

«Медсервис плюс» компаниясының қоймалары 2016 жылдан бастап жұмыс жасауда. Мұнда австриялық конвейер желісі, гравитациялық стеллаждар және европалық өндіріс жабдықтары қолданылады.

«Пандемия басталғалы бері адамдар аянбай жұмыс істеуде. Мегаполистің дәріханаларына тауарды дер кезінде жеткізу үшін қызметкерлеріміз кейде түн жарымына дейін қалып, жұмыс істейді. Біз барлығымыз қалада қандай күрделі ахуалдың қалыптасқанын жақсы түсінеміз. Сондықтан игі бастамалардың иелері – компания қызметкерлері. Қажет болса біз де түн жарымына дейін қаламыз», - деді С. Ерденбекова.

Ол қала басшылығының сертификаттарды жедел рәсімдеуге, логистика мен жүкті тиеуге пәрменді көмек көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Әкімдік тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде, әсіресе олар жіберген волонтерлар жүкті түсіру мен бөлуге, тасымалдауға дер кезінде көмек көрсетуде. Кедендік органдардың жұмыстары да реттелді. Қазіргі кезде шетелден жеткізілген медпрепараттар жедел өңделуде. Өткір мәселелер онлайн шешімін табуда. Соның арқасында біз қай дәріханаға көмектесу керек екенін, қай жерде іркіліс болғанын, әкімдіктің қандай мәселені шешетінін біліп отырамыз. Бұл барынша ыңғайлы», - деді С. Ерденбекова.

Айта кетерлігі, «Медсервис плюс» компаниясы гуманитарлық көмек аясында келген медикаменттерді бөлудің операторы болып табылады.

«Кеше ДДСҰ денсаулық сақтау желісі бойынша көмек жеткізілді. Яғни, 8 фура келді, біз қазір оларды қабылдап, Алматы қаласына және басқа өңірлерге бөлумен айналысып жатырмыз», - деп атап өтті С. Ерденбекова.

Барлық гуманитарлық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында емханалар мен ауруханаларға жіберіледі. Келген көмек Қазақстан бойынша 14 филиалға бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар