Қоянды мен Қосшы халқы Астанадағы емханаларға тіркеле ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың іргесіндегі Ақмола облысына қарайтын ауылдар Астанадғы емханаларға тіркеле ала ма? Бұл сұраққа Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылдың 15 қыркүйегінен емхананы өз еркімен тіркелу науқаны басталды. Бұл шара 15 қарашаға дейін жалғасады. Емханаға қалай тіркелуге болады? Егер білетін болсаңыздар, емхананы өз еркімен таңдау ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізіміне енеді. Мемлекеттік қызметтер бекітілген регламенттер мен стандарттар арқылы ұсынылады. Осы бекітілген регламенттер мен стандарттарға сәйкес бұл қызметті емханаға біріншіден, тікелей тіркеу арқылы, яғни өтініш білдіру арқылы, екіншіден, үйден шықпай электронды түрде egov порталы арқылы, үшіншіден, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесшілерге жүгіне отырып, электронды қосымша арқылы алуға болады», - дейді Астана қалалық денсаулық сақтау басқармасы әкімшілік-құқықтық бөлімінің бас маманы Бағым Биболова.

Баспасөз мәслихатына келген басқарма мамандарына «Елорданың іргесіндегі Қосшы мен Қоянды ауылдарының халқы Астана қаласындағы емханаларға тіркеле ала ма?» деген сауал қойылды.

«Бұйрыққа сәйкес, қала тұрғындарының жергілікті тұрғынжай, жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайы бойынша емхананы таңдау құқығы бар. Ал Ақмола облысының (Қоянды мен Қосшы қарайтын) халқы әкімшіліктік-аумақтық мекенжай бойынша өз өңіріндегі емханаларға ғана тіркеле алады. Айта кетерлігі, бұйрыққа сәйкес, Астана қаласының тұрғындары жылына бір рет қана екі ай ішінде еркін таңдау құқығы арқылы емханаға тіркеледі», - деді бұл сұраққа Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Бірыңғай медициналық-санитарлық бөлімінің бас маманы Жанна Есқалиева.

Қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының түсіндіруінше, Ақмола облысының тұрғындары (Астана іргесіндегі ауылдардағы) жергілікті емханаларда жекелеген медициналық мамандар болмаған жағдайда нормативті құжаттарға сәйкес облыс орталығы - Көкшетауға барып емделеді.

Соңғы жаңалықтар