Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, басына бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымызды бақытты санаймыз - Н. Шахалиев

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгінгі күні тәуелсіз Қазақстан көп ұлттылығымен қоса, бірлігі жарасқан, құты молайған ел ретінде ауызға алынады.

Әсіресе, елімізді мекен еткен ой-мақсаты ортақ, көксегені тек бірлік болып табылатын сан алуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің бірі - әзірбайжандар. Жалпы, әзірбайжандықтардың Қазақстанға келу тарихы да әр түрлі көрінеді. Мұны ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісінің «Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау қалалық филиалының төрағасы Назим Шахалиевпен жүргізген сұхбатынан анық байқауға болады.

Назим Шахалиевтің айтуынша, ол 1952 жылы Әзірбайжанның Масалы ауданы Шатыроба ауылында дүниеге келген. Кейін КСРО-ның Ішкі істер министрлігі берген жолдамамен 1970 жылы Қазақстанға жолы түскен. Отан алдындағы борышын да Алматы облысында өтеген. Сөйтіп, осында тамырын тереңге жайып, қалып қойған көрінеді. Қазір ол - интернационалды отбасының отағасы. Әйелі - орыс ұлтының өкілі. Немерелері де осы қазақ жерінде өсіп, қазақша тәлім-тәрбие алуда. Сондай-ақ, ол бүгінгі таңда бауырмал әрі дархан қазақ халқымен бірге өзге де ұлт өкілдерімен қатар тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын мақтан тұтуда.

«Мен Қазақстанды өзімнің екінші Отаным деп санаймын. Қазақ халқы - өте мейірбан, меймандос, кішіпейіл халық. Тіпті, ен далада келе жатып, көлігің тоқтап қалса да, жақын жердегі ауылға соға қалсаң, сені жылы үйге кіргізіп, алдыңа шай, майы мен бауырсақ, етін, қолындағы барын тосып, құтты қонағындай күтеді.

Қазақтар мен әзірбайжандықтардың арасында көптеген ұқсастықтар бар. Бәріміз де «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед - оның елшісі» деп бір Құдайдан медет сұраған тілі бір, иманы бір халықпыз. Құрбан айт, Қажылық, тағы да басқа көптеген діни мерекелерді бірге атап өтеміз. Наурыз да қос халыққа ортақ ұлық мейрам.

Мен осы халыққа деген құрметім мен шексіз ризашылығымның белгісі ретінде оның тілін меңгердім. Қазір көсемдерше көсіле, шешендерше шешіле сөйлемесем де, шамам келгенше, арасында мақалдатып қойып өз ойымды жеткізуге тырысамын», - дейді Н. Шахалиев.

Қазір облыс орталығында 80-ге жуық әзірбайжандықтар тұрады. Олар санының аздығына қарамастан аймақта өтетін барлық қоғамдық шараларға бір адамдай атсалысып, өздерінің тілі мен мәдениетін және ұлттық- салт дәстүрлерін кеңінен насихаттап келеді.

«Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филалы біздің қаламызда ашылғанына алты жылдай ғана уақыт болды. Осы уақытың ішінде мәдени-ағарту істерімен кеңінен айналысып келеміз. Дегенмен, еш нәрсенің оңайлықпен келмейтіні белгілі. Сол сияқты, біздің бірлестіктің де артқа тастаған жылдарында қиыншылықтың көп кездескенін айтпай кетуге болмайды. Бұл тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптаса бастаған еліміз үшін қиын қыстау кезең болатын. Біреулер пана іздеп көштің басын Қазақстанға бұрса, енді бір халықтар елден бастары ауған жаққа қоныс аударып жатты. Міне, осы арада елімізде қалған әзірбайжан ұлтының өкілдері осы ұйымның құрылуына бірден-бір себепшісі болды.

Бірлестік әзірбайжан халқының мәдениеті мен төлтума өнерін сақтап, жан-жақты білімді жандардың зор талпынысын, халықтың дарқандығы мен кең пейлін паш ету мақсатында құрылғанын көреміз. Бүгін біз қай жағынан алып қарасақ та, осы мақсаттың түбегейлі жүзеге асырылып жатқандығына куә бола аламыз. Бұл, әрине, Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясына артқан үмітінің ақталғандығының көрінісі»,- деп сөзін одан әрі жалғастырды кейіпкеріміз.

«Балалар ана тілін жатсынып кетпесе екен деген ниетпен жексенбілік мектепте әзірбайжан тілінен дәрістер беріле бастап еді, педагогтың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуына орай, әзірше тоқтап тұр. Жазуымыз латын әліпбиіне негізделгендіктен, бұл да бүгінде күрмеуі қиын мәселе болып қалуда.

Ал би - кез келген халықтың болмысын көрсететін құрал. Жақында қаламыздағы Достық үйінде біздің би үйірмеміз ашылды. Енді соңымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақ сол мазмұны терең халықтық билерімізді меңгерсе екен дейміз.

Бүгінде адамдар теледидар қосуға қорқатын жағдайға жетті ғой. Ана елде алауыздық, мына елде соғыс, тағы бірінде жойқын жарылыс, әйтеуір, қазір жүрекке қорқыныш ұялатып, үрейлендіретін жағдайлар көп. Осыған қарап отырып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, басына бейбітшілік орнаған елде өмір сүріп жатқанымызды бақытты санаймыз», - деп сөзін қорытты Назим Шахалиев.

Соңғы жаңалықтар