Коттедж салдырып, құрылысшыларға ақшасын бермеген Ақтау сотының төрағасы қызметінен шеттетілді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Өзіне коттедж салдырып, құрылысшылардың ақшасын бермей қойған Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиев лауазымынан шеттетілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2018 жылдың маусым айында Өзбекстан азаматы Мақсұт Қаландаров ҚР Жоғарғы сотының Ішкі қауіпсіздік бөліміне телефон шалып, 2013-2014 жылдары коттедж салғызған Мәлік Кенжалиев құрылысшылардың еңбек ақысын төлеуден жалтарып жүргенін айтып шағымданған. Құрылыс бригадасының басшысы Қаландаров бірнеше рет қарызын төлеуді сұрағанмен, судья құрғақ уәдемен құтыла берген.

Жоғарғы соттың Ішкі қауіпсіздік бөлімі Қаландаровқа осы факті бойынша Жоғарғы сотқа ресми өтініш түсіруді ұсынған.

Сөйтіп, Қаландаров 2018 жылғы 5 қазанда Жоғарғы сот төрағасының атына хат жолдаған. Онда 2013 жылдың көктемінде, сол кезде Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының төрағасы лауазымында болған Кенжалиев Қаландаровтың құрылыс бригадасымен Каспий теңізінің жағалауында коттедж тұрғызу туралы келісім жасасқаны жазылған. Жұмыс аяқталған соң Кенжалиев Қаландаров және оның 14 жұмысшыдан құралған бригадасына о баста келісілген соманы толық бермеген. Қарыз сомасы 1 млн 800 мың теңгені құрады.

Өз сөзін растау үшін Қаландаров құрылыс бригадасының жұмысшыларының жазбаша түсіндірмелерін қоса жолдаған.

"Сонымен қатар, Қаландаров пен Кенжалиевтің 2018 жылғы наурыздағы кездесуінің видеожазбасы, олардың арасындағы СМС-жазбалардың (2018 жылдың қаңтар, маусым, тамыз айларындағы) скриншоттары ұсынылған. Онда Кенжалиев құрылысшылардан қарызы бар екенін мойындап, дөрекілікпен күте тұруын талап еткен. Атап айтқанда, Қаландаровқа «түрмеге жабамын, ол жерден шықпассың» деп қоқан-лоқы жасаған.

Жоғарғы соттың Ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметтік тексеріс жүргізіп, осы іске қатысы бар тұлғалардан жауап алған. Олардың бәрі Қаландаровтың дәлелдерін растайды. Тексеріс нәтижелері ҚР Судьялар одағы Маңғыстау облыстық филиалының Судьялар әдебі жөніндегі комиссиясының қарауына жіберілді.

Комиссия Кенжалиевке қатысты тәртіптік іс қозғау туралы Сот әділқазысына ұсыныс енгізу үшін Маңғыстау облыстық сотының жалпы отырысының президиумына жүгіну туралы қаулы қабылдады. Облыстық соттың президиумы комиссияның шешімін қолдады", - делінген Маңғыстау облыстық сотының баспасөз баянында.

Жоғарғы сот жанындағы Сот әділқазысының Тәртіптік комиссиясы 2019 жылдың 7 ақпанында Кенжалиевті судьяның әдебіне қайшы келетін, абыройына нұқсан келтіретін әрекеті үшін Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының төрағасы лауазымынан босатып, судья өкілеттігін тоқтату туралы Жоғарғы сот кеңесіне жүгінуге шешім қабылдады.

Жоғарғы сот жанындағы Сот әділқазысы (9 судья) Кенжалиев судьялар этикасы нормасын өрескел бұзды, сот жүйесінің абыройына нұқса келтірді, сол себепті алып отырған лауазымына лайық емес деген шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар