Қосымша оқу аптасы мұғалімнің де, шәкірттің де оқу жүктемесін төмендетеді – ұстаздар пікірі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қоғамда оқу жылының 2 аптаға ұзартылуы қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі. Осы жайтқа орай мектеп ұстаздарының пікірін білген едік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназияның директоры Гүлмира Жәрменова қосымша оқу аптасы мұғалімнің де, шәкірттің де күнделікті оқу жүктемесін төмендететіндігін айтады.

«2022-2023 оқу жылында мемлекеттік стандартқа сәйкес 36 апталық оқу жылы ұзақтығы енгізілгені мәлім. Қосымша оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақ санын, яғни мұғалімге де, оқушыға да күнделікті оқу жүктемесін азайтты. Педагогтердің жұмыс тиімділігін арттырып, шәкірттердің материалды терең меңгеруіне ықпал жасады. Мектебімізде сабақ күнтізбелік жоспарға сай жүргізілуде. Барлық сынып оқушылары сабаққа түгел қатысып, ұйымдастырылған іс-шараларда белсенділік танытып жүр.

Сондай-ақ, қорытынды аттестациялауға дайындық жұмысымен қатар, мектеп оқушылары үшін 5 маусымда басталатын жазғы лагерьде демалудың қызықты бағдарламасын әзірлеп жатырмыз», - деді мектеп басшысы.

Ал осы мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Күнсәуле Сайлау оқу жылының ұзақтығы ұстаздар үшін өте тиімді болғанын алға тартады.

«Себебі оқу мақсаттарын кеңінен қолдануға және қосымша әдебиеттерді оқытуға ыңғайлы болып тұр. Оқушылардың оқуға деген ынтасы, қызығушылығы өте жоғары әрі белсенділік танытып, білім алып жатыр», - деді ол.

Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Даутбекова болса оқу жылының екі аптаға ұзартылуы мектеп оқушылары үшін күрделі тақырыптарды зерделеуге өте тиімді әрі мол мүмкіндік бергенін айтады.

«Бұл мүмкіндіктерді пайдалана отырып, осы күндері жоғары сынып оқушыларымен тақырыптық квиз ойындарын өткізудемін. Жыл бойы өткен тақырыпты қорытындылау үшін өте қолайлы екендігін байқадым», - деді мұғалім.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының ұзартылуына қатысты пікір білдірген болатын.


Соңғы жаңалықтар