Қосымша білім гранттары қалай таратылды - БҒМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов қосымша білім гранттарының қай мамандықтарға таратылғанын айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, биыл «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен кәсіби-теxникалық білімнен кейін жоғары білім алуға мүмкіндік беретін гранттардың саны 3,4 есеге артты. Осылайша, аталған гранттардың саны 3 488-ге жетті.

«Бұдан бөлек, барлық мемлекеттік тапсырыстың ішінде 5 мың грант «Мәңгілік ел жастары индустрияға» бағдарламасы аясында қарастырылған. «Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» мақаласының негізгі мәселелерін іске асыру мақсатында гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтардың қажеттіліктері де ескерілді», - деді Т.Ешенқұлов Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр Президенттің тапсырмасы бойынша бөлінген қосымша 20 мың білім гранты да еңбек нарығына қарай таратылды. Соның ішінде 11 мың грант теxникалық мамандықтарға бөлінсе, 5 мың грант педагогика, жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік мамандықтарға берілді.

«3 мың грант - магистратураға, ал 1 мың грант PhD докторларын даярлауға бөлінді. Сонымен қатар, теxникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша бір адамды дайындау шығындарды 346 мың теңгеден 635 мыңға артты. Ал мемлекеттік тапсырысты тарату кезінде теxникалық және теxнологиялық мамандықтарға басымдық беріледі. Соның ішінде ақпараттық теxнологиялар, биотеxнология, электроника мен телекоммуникациядар сияқты маңызды салалар бар. Жалпы, соңғы үш жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыстың көлемі 1,7 есеге өсті», - деп атап көрсетті Т.Ешенқұлов.

Айта кетейік, биыл білім гранттарын тағайындау жүйесінде өзгерістер болады. Жоғары оқу орындарын жан басына қарай қаржыландыру жүйесіне басымдық беріледі. Мәселен, ҰБТ-да жоғары ұпай алған мектеп түлегі қай оқу орнын таңдаса, сол жерге грант беріледі. Бұдан бөлек, мектеп түлектеріне мамандықты таңдау жағы жеңілдей түседі.

Соңғы жаңалықтар