Қостанайлықтарға төрт жүз мыңға жуық электронды мемқызмет көрсетілді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысында «Азаматтарға арналған үкімет» қызметін пайдаланудың ауқымы артып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі таңда Қазақстанның тізіліміндегі 746 мемлекеттік қызметтің 621-ін «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы алуға болады. Корпорацияның Қостанай облысындағы филиалдары жыл басынан бері тұрғындарға 783 703 қызмет көрсеткен, соның 368 618-і электронды форматта болған.

«Сондай-ақ жыл басынан бері 154 112 ЭЦҚ берілді. Осы кезең ішінде Connection Point өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында тұрғындар дербес түрде 198 374 қызметке қол жеткізген. Корпорация мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіп келеді», - деп мәлімдеді филиалдың баспасөз қызметі.

Қазақстан проактивті мемлекеттік қызметтер корсету принципін енгізген ТМД-дағы алғашқы ел болды. Өткен жылдың желтоқсан айында азаматтарға баланың тууына байланысты қызметтерді проактивті режимде көрсету басталды.

«Қызметке ХҚО немесе электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте қол жеткізуге болады», - дейді филиал өкілдері.

Электронды қызметтер саласында басты жаңалықтардың бірі автомобильді онлайн тіркеу мүмкіндігінің пайда болуы екендігі белгілі. Енді ЭЦҚ арқылы азаматтар электрондық үкімет порталында автомобилін мамандандырылған ХҚО немесе ІІМ тіркеу-емтихан бөлімшесіне бармай-ақ тіркей береді.

Соңғы жаңалықтар