Қостанайлықтар «Қайырымдылық керуенін» бастады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының Қостанай облыстық филиалы кезекті мәрте тұрмысы төмен отбасыларға көмек қолын созбақ ниетте. Осы мақсатта олар «Қайырымдылық керуені» акциясын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жастар жылы және Елбасының биылғы Жолдауымен үндескен жоба «Мейірімділікпен бірлікке!» бірыңғай ұранымен өткізіледі. Жоба аясында жылдың әр айында қайырымдылық шаралар атқарылатын болады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, күнтізбеде 2019 жылдың атаулы күндері ескерілген.

«Біз қайырымдылық акциясы барысында басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын таныстырғымыз келеді. Мәселен, осы қаңтар айы біз жасаған күнтізбеде «Сарқыт» деп аталады. Бұл дәстүрдің мәні - тамаққа ұқыпты қарау. Әлеуметтік мәні - ас-суды басқалармен, жағдайы төмен адамдармен бөлісу. Біз өңірдегі барлық білім беру ұйымын, еңбек ұжымдарын қайырымдылық акциясын өткізудің осындай форматына қосылуға шақырамыз. Сонымен қатар, ақпанда «Сыбаға», наурызда «Шашу» жобаларын ұсынамыз. Сәуір айының басында жерлестерімізді ұзақ қыстан кейін асарлатып қолдауға тиіспіз. Бұл айды «Асар» деп атауымыздың себебі сол. Аға ұрпаққа қамқорлық жасау айы - мамыр. Мектептер, жоғары оқу орындарының түлектеріне қолдау көрсетуді «Тоқымқағар» айында, яғни, маусымда өткіземіз. Осылайша, жыл бойы халықтың әртүрлі топтарын қамтып, акция ұйымдастыру жоспарланған», - деп атап өтті ҚХА мүшесі Еркін Әбіл.

ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Шушаник Саркисян ерікті шараға жастарды тарту керектігіне баса назар аударды.

«Осы күнтізбеде көрсетілген игілікті істерге жас буынды барынша жұмылдыру үшін «Zhas Project» іспетті жобаларды жандандырудың маңызы зор. Бәлкім, олардың кәсіп ашуларына мемлекеттік тегін грант бөлінсе дейміз. Үкіметтің қолдауын сезінген жастар мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетер еді» - деген ойын білдірді Ш.Саркисян.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы 2015 жылдан бастап «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясын өткізеді. 2018 жылы елімізде 8733 іс-шара өтті, жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден астам қаржыға 400 мыңнан астам адам көмек алды.null

Соңғы жаңалықтар