Қостанайлықтар дәрігерлерді мобильдік қосымша арқылы шақырта алады

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай емханаларында электрондық амбулаториялық карталар жасалып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Абат Жауков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы емханаларда кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізді. Нәтижесінде, қағазбастылықтан арылып, емханалардағы кезек азайып, учаскелік дәрігерлерге жүгіну қажеттігі төмендеді.

«Қазіргі таңда жаңа жүйені халыққа түсіндіру үшін жоспарлар әзірленіп, денсаулық сақтау саласының электрондық қызметтерінің мүмкіндіктері насихатталуда. Кешенді медициналық ақпараттық жүйе өңірдегі 41 мекемеге енгізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 361,3 млн. теңге бөлінген. Ал, биыл бұл жүйені төрт мекемеге: наркологиялық, психиатриялық, облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығы, облыстық балалар стоматологиясына енгізу жоспарланып отыр», - деді Жауков өз баяндамасында.

Бүгінде облыстағы барлық емдеу мекемелерінің 90,9 пайызы компьютермен жарақталған. Өткен жылы медициналық ұйымдар 429 компьютерлік технологиялармен қамтылса, биыл бұл мақсатқа 387,9 млн теңге бөлініп отыр.

Цифрландыру жүйесінің арқасында пациенттер үйден шықпай-ақ рецептті, дәрігер кеңесін, анықтаманы, дәрігердің қабылдауынан кейінгі қорытындыны ала алады.

Жалпы, жаңа жүйе еліміз бойынша төрт облыста - Қарағанды, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ республикалық деңгейдегі бірқатар ұйымдарда пилоттық жоба ретінде жүргізіліп жатыр. Ал, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина ұйымдары медициналық құжаттаманы қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетін болады.

«Бүгінде цифрландыру аясында қағазсыз айналымға көшу жүргізіліп жатыр. Келер жылдан бастап электрондық амбулаториялық карталар, аурулардың электрондық тарихы және электрондық рецептілердің көшірмесі сияқты құжаттарды қағазсыз форматта жүргізуге толықтай көшетін боламыз. Сондай-ақ, тұрғындардың мобильдік қосымша арқылы дәрігерді шақыртып, қабылдауына жазылуға мүмкіндіктері бар», - дейді Абат Жауков.

Соңғы жаңалықтар