Қостанайлық жұмыстан заңсыз шығарылғанын сотта дәлелдеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалық қаласының тұрғыны өзін заңсыз жұмыстан шығарғанын сотта дәлелдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арқалық жылу энергетикалық компаниясы» мемлекеттік мекемесінің қызметкері жұмысқа қайта алу мен жалақысын өндіру туралы арызымен сотқа жүгінеді. Ол аталған ұйымда 16 жыл жұмыс істеген. Әйел сотта кәмелеттік жасқа толмаған екі баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрып, оларды жалғыз тәрбиелеп жатқанын айтты. Балаларының бірі мүгедек.

Ол үстіміздегі жылдың 20 қаңтарынан бастап 25 ақпанға дейін кезекті еңбек демалысында болған. Жұмысқа шыққан соң, оған келесі күні техника қауіпсіздігі бойынша емтихан тапсыру керектігін айтқан. Ол балалары ауырып қалғандықтан сынаққа қатыса алмады. Емтиханды 16 наурызда қайта тапсыруға тиіс болды. Алайда, сол сәтте басшылық жұмыс кестесін басқаша ауыстырып қойған. Әйел жаңа кесте бойынша тағы да жұмысқа шыға алмаған. Кейін оған почта арқылы жұмыстан шығару туралы бұйрық келген.

Басшылықтың шешіміне келіспей, азаматша бастапқыда өз құқығын қорғау үшін кәсіподақ комитетіне, содан соң сотқа жүгінген.

Арқалық қалалық соты барлық мән-жайды ескере, азаматша Ж.-ны жұмыстан шығаруған ұйымның шешімін негізсіз деп тапты. Біріншіден, ол емтиханның болатыны туралы алдын ала ескерту алмаған. Екіншіден жұмыс беруші жұмысшының келісімінсіз жұмыс кестесін өзгерткен және хабарлама жасамай жұмыстан шығарған.

Сот еңбек шартының бұзылғанын ескеріп, азаматшаның жұмыстан босатылуын заңсыз деп тапты. Сот шешімімен ол бұрынғы қызметіне қайта алынды.

Сондай-ақ, оның пайдасына кәсіпорыннан мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін 397 мың теңге сомасында 4 айға жалақы өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар