Қостанайлық жас кәсіпкер Street workout алаңын ашты

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - «Zhas project» жобасы берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өз ісін бастағандардың бірі - қостанайлық Батырхан Исмаилов. Ол өз командасымен Меңдіқара ауданының Боровское ауылынан Street workout алаңын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жастардың идеясы тың, жоспары тиімді болғанымен, оны іске асыруға қаржылық жағдайлар кесе-көлденең тұрады. Дегенмен, мемлекеттің қолдауы арқасында бұл олқылықтың орны толды. Дәлірек айтқанда, «Zhas Project» жобасы идеясы мол жастарға қаржылай демеушілік жасап, жеңімпаздарға 1 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы берді. Осындай игі бастамалардың бірі - Меңдіқарадағы Street workout алаңы. Жаттығу алаңы белтемірлермен, қырлы бөренелермен, шығыршықтармен, швед қабырғаларымен, басқа да қажетті нысандармен жабдықталады. Аталған жобаны Батырхан Исмаилов, Анастасия Оленберг, Арайлым Жиенқұлова сынды жастар қолға алған.

«Біздің жобамыз Қостанай облысында жаңалық ретінде қабылданды. Себебі Street workout алаңдары Қазақстанда енді ғана дамып келеді. Мұндағы мақсат - саламатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында бұқаралық спортты дамыту. Расымен де қазіргі кезде адамдар дене шынықтыруды ескере бермейді. Ол дұрыс емес. Бажайлап қарасақ, қозғалыссыз жұмыс істейтін адамдар түрлі ауру-сырқаттарға шалдығады. Мұны медицина әлдеқашан дәлелдеген. Сол себепті, адамдарға денені нығайтуға арнайы уақыт бөлудің қажеттілігін түсіндіргіміз келеді», - дейді Батырхан Исмаилов.

Саламатты тұрмысты қолдайтын жастар осы идеяны алға тартып, «Zhas project» жобасына қатысады. Былтырғы тамыз айында олардың ұсыныстары мемлекет тарапынан қолдау тапқан болатын.

«Осы «Zhas project» жобасының негізгі мақсаты да осал топтағы жастардың бастамаларына қаржылай қолдау көрсету және сол арқылы шағын және орта бизнесті дамыту ғой. Мұнда ең маңыздысы - идея және жоспар. Жеңімпаз атанып, қолға 982 мың теңгені алған соң, бірден іске кірістік. Street workout алаңдарына қажетті құрал-жабдықтарды Қостанайдан сатып алдық. Бізге «Сосновый бор» шипажайы арнайы орын бөлді», - дейді спорт маманы

Негізі Батырхан спорттың осы түрімен 2014 жылдан бастап айналысады. Оның пайдасын көріп, Боровское ауылынан үйірме сабағын ашты.

«Street workout - фитнестің ең демократиялық түрлерінің бірі. Ол қымбат снарядтар сатып алу немесе спорт залдарына жазылу жолдамасын сатып алуды қажет етпейді.Барлығына қолжетімді. Біз мұнда шеберлік дәрістерін өткізіп, дұрыс тамақтану жөнінде кеңестер береміз. Адамдардың дені семіздікке қалай ұрынғанын байқамай қалады ғой. Street workout осы мәселемен күресудің бірден бір жолы. Акробатика мен түрлі қимыл-қозғалыс жаттығулары сатылай жүргізіледі. Алаңға жаңадан келген адам жеңіл жаттығулардан басталады», - деп түсіндірді Батырхан Исмаилов.

Мемлекет басшысының әр жылғы Жолдауларында жастарды қолдауға бағытталған жобаларға басымдық беріліп келеді. Жеке кәсібін ашуға ниетті жандар үшін көптеген мүмкіндіктер қарастырылғаны қуантады. Батырхан Исмаилов айтқандай, енді жастарға тек ізденіс пен іскерлік керек.

Соңғы жаңалықтар