Қостанайлық волонтерлер ауруханаларға оттегі баллондары мен дәрі-дәрмектер тасып жүр

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайлық волонтер жастар аурухана қызметкерлеріне көмектесуде. Бастаманы облыстық жастар саясаты басқармасы ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қостанай қаласының емханалары оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек өнімдерін тасу жұмыстарына адам қажет екенін айтып, әлеуметтік желілерге жазба қалдырған. 11 шілдеден бастап Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшылығы тиісті көмек көрсету үшін қала еріктілерінің жиынын ұйымдастырды.

«Осынау қиын шақта бірлік танытуымыз қажет. Сонда ғана қауіпті індетті жеңеміз. Қазір вируспен күресте дәрігерлердің алдыңғы шепте жүргені мәлім. Сол себепті біздің басқарма облыс тұрғындарына үндеу жариялап, көмектесуге шақырды. Бұл үндеуге әртүрлі жастағы, түрлі кәсіп өкілдері үн қатты. Мәселен, бірінші күннен бастап мәдениет қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, студенттер, өрт сөндірушілер бізбен бірге. Қазір оттегі баллондарын емханаларға жеткізу жұмыстарымен айналысып жүрміз. Бүгін өңірдегі су тасушы компания хабарласып, ауызсу жеткізуге көмектесетінін айтты. Мұндай жұмыстар жалғасады», - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Саят Шаймұрынов.

Волонтерлер жұмыс таңдап жатқан жоқ. Күнде шамамен 10-15 адам «қара» жұмыста жүр. Солардың бірі – кәсіпкер Нұржан Сәрінжіпов.

«Біз достарымызбен көмек көрсетуге келдік. Қазір қалалық аурухананың базасында тапсырылған шаруаларға қол ұшын созып жатырмыз. Қолымыз қалт еткенде медицина қызметкерлеріне көмектесуге уәде еттік. Әкімдік, я болмаса, аурухана басшылығының нұсқауы болған емес. Әлеуметтік желілерден еріктілердің ұсынысын көріп, қабыл алдық. Бір кислород баллоны бір науқасқа тезірек жетсе деген тілек қана. Таңғы 9-дан бастап осында жүрміз. Қолдан келгенше көмекті аямаймыз», - дейді кәсіпкер.

Волонтерлер бүгін кешке дейін қалалық провизорлық стационарда оттегі толтырылған баллондарды түсірмек.


Соңғы жаңалықтар