Қостанайлық спортшы ММА-ден әлем чемпионатында алтын медаль алды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанайлық Шыңғыс Жүсіпов 17-20 тамыз аралығында Абу-Дабиде өткен ММА-ден әлем чемпионатында алтын медаль алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүсіповтің бапкері Марат Әліпбаев спортшысының жеңісі туралы Instagram парақшасында жазды.

«Еліміздің әнұранын шырқатып, Қазақстанның туын желбіретті. Қазақстандық ММА, Шыңғыс Жүсіпов және мен үшін тарихи сәт! ММА-ден әлем чемпионатының алғашқы алтын медалі»,- деп қуанышты жаңалықты жеткізді бапкер.

Шыңғыс Жүсіпов жасөспірімдер арасында бірінші орын алды. Чемпионатта әлемнің 20 елінен 28 қарсылас бақ сынады. Шыңғыс алты жекпе-жек өткізіп, бесеуін мерзімінен бұрын аяқтады.

Шыңғыс өзі де әлеуметтік желілерде жеңісі туралы айтты.

Белгілі болғандай, «алтынға» жету жолы оңай болған жоқ, тіпті спортшы чемпионатқа кешігіп қала да жаздаған.

«Бұл жарысқа үлкен күш жұмсалды. 13 тамызда Алматыға жаттықтырушымен ұшып, аман-есен қонып, жарысқа бару үшін келесі күнді күттік. 14 тамызда ұшуымыз керек болған еді. Билеттер бұрыннан сатып алынған. Енді билеттерді алу кезегі бізге келгенде, кенет белгісіз себептермен олар рейстен алынып тасталғаны белгілі болды. Мен сол сәтте қатты уайымдадым», - деп атап өтті Шыңғыс Жүсіпов.

Бірақ бапкер Әліппаев оның шешімін бірден тапқан. Спортшы мен жаттықтырушы Нұр-Сұлтанға ұшып, сол жерден БАӘ-ге ұшатын рейске жетіп үлгерген.

«Ұшуым үшін бәрін жасаған бапкеріме алғысым шексіз. Өте мықты қолдау үшін менің командама рақмет», - деп түйіндеді спортшы.






Соңғы жаңалықтар