Қостанайлық шаруалар індетке қарамастан кәсіптерін тоқтатқан жоқ

None
None
ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Жыл басынан бері облыс орталығында өнеркәсіп саласына 23 миллиард 300 миллион теңге қаржы тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған кешенді бағдарламалар жүзеге асуда. Шаруалар қаржылай қолдауға ие болып, індет тарап жатқан кезде де кәсібін тоқтатқан жоқ. Қостанай облысы, Амангелді ауданының тұрғыны Боранбай Әбеуов «Сыбаға» бағдарламасымен ірі-қара мал сатып алған.

Оның айтуынша, карантин уақытында мемлекет көмегі айтарлықтай демеу болды.

«Қажет кезде 42500 теңге көмек алдық. Бұл аз қаражат болып көрінгенімен, біраз адамға едәуір жәрдем болды. Жанар-жағармайымызды, техникаға қажетті бөлшектер сатып алсақ та, кәдеге жараттық. Негізі мемлекеттен төленетін қаржылай көмек жыл бойына берілсе жақсы болар еді. Бұл – көптің сұрауы. Қазір шөп науқаны қызған шақ. Екіншіден, ауыл шаруашылығына қажетті тракторларды аз пайызбен берсе, жұмыс біраз жеңілдейді», - дейді кәсіпкер.

Қазір Қостанайда автоөндіріске екпін түсірілген. Аймақта құрастырылған автокөліктер тек өз елімізде ғана емес, шетел нарығына де шығарылуда. Биыл жеңіл автокөліктер шығару өткен жылғыдан 72 процентке көбейген.

Мұндай оң өзгерістер өнеркәсіптің өзге салаларында да байқалады. Өнеркәсіп ошақтары инвестиция тартуда айтарлықтай жұмыс атқарған. Жыл басынан бері облыс орталығында өнеркәсіп саласына 23 миллиард 300 миллион теңге қаржы құйылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 108 процентке артық.

Қазақстанда шығарылатын шекемтас пен асбесттің басым бөлігі Қостанай облысына тиесілі. Осы салада қостанайлықтар еліміздің экспорттық қуатын арттыруға да үлесін қосып, әлемнің 60 шақты еліне тауар өткізеді. Жалпы, облыс аумағында 700-ге жуық өнеркәсіп ошағы тұрақты жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар