Қостанайлық полицейлер жолда жүрегі ұстап қалған әйелді құтқарды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облыстық ІІД қызметкерлері Сәрсенбай Нұрмағамбетов пен Ыбырай Рахымғалиев жол үстінде жүрек талмасы ұстап қалған әйелге шұғыл түрде көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Алтынсарин ауданының Зуев ауылына жақын тұста болды. Облыстық ІІД қызметкерлері Сәрсенбай Нұрмағамбетов пен Ыбырай Рахымғалиев «Қостанай-Алтынсарин» тасжолының жиегінде тұрған автокөлікті байқаған.

«Автокөлік жүргізушісі Денис Тарасов өзімен келе жатқан 53 жастағы анасының жүрек талмасы ұстағанын хабарлады. Тәртіп сақшылары әйелге жедел медициналық жәрдем көрсетілуі үшін дабыл белгісін қосып, Денис Тарасовтың көлігімен ілесіп жүрген. Бұған қоса жедел жәрдем қызметіне хабар берген. Полицейлердің сөзінше, көлік ақырын жүргенде науқастың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін еді», - делінген ІІД баспасөз хабарламасында.

Науқас әйел бірден ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілді. Денис Тарасов қиын сәтте көмекке келген полицейлерге алғысын білдірді.

«Батальон қызметкерлері мен дәрігерлерге мың алғыс! Олар болмағанда анамның жағдайы қиындап кетер еді», - дейді Д.Тарасов.

Соңғы жаңалықтар